Четверг, 21 ноября, 2024
No menu items!

Киіз үй

Басқа ақпараттар

Киіз үй — о баста тез көшіп, тез қонуға жобаланса керек. Және көшпенділер бұл жобаны сәтті іске асырды деуге болады.  

Киіз үй — ағаш пен киізден құралатын баспана. Ол суықта жылы, ыстықта салқын болатын — табиғи «климат-бақылаумен» жабдықталған тамаша конструкция.

Киіз үй атауының нұсқалары мен түрлері

Ағаш үй. Киiз үйдi Қазақстанның кейбiр өңірінде «ағаш үй» деп те атай бередi. Киіз үйдің ішін «төр жақ», «есік жақ» деп екіге бөледі. Есік жақты да екіге бөліп – «оң жақ», «сол жақ» деп атайды. Төрде есікке қарап отырған кісінің оң қол жағы — оң жақ болып есептеледі. Оң жақтың да, сол жақтың да өз міндеттері бар. Сол жақ үлкендердің (үй иелерінің) орны болса, оң жақ — жастардың орны.

Киіз үй. ©jas.kz

Шаңырақ. Қара шаңырақ. Шаңырақ киiз үйдiң күмбезі, төбесі. Бірақ «шаңырақ», “қара шаңырақ” деп көбіне — әулет тараған, ру тараған үйді айтады. Бұл — отбасының қайтадан ұжымдасып, жиналатын орны.

Орда. Орда сөзi байырғы қазақ тiлiнде «астана», «хан ордасы» деген мағынада қолданылады. Ал жалпыхалықтық тiлде өз үйiн сүйiспеншiлiкпен «менiң ордам» деп те атай бередi.

Ақ орда. Таза ақ киiзден басылған жұмыртқадай аппақ үйлерді “ақ орда” деп асқақтатып жатады. “Орда”, “Ақ орда” сөздері дәрежелі, мәртебелі кісілердің үйі екенін білдіреді.

Киіз үй. ©jas.kz

Алтын Орда. Қазақ ортасында — билік мейлінше шоғырланған үйді, жерді атайды.

Отау. «Отау» деп көбiнесе Үлкен үйден бөлiнiп шыққан, бiрақ әлi сол ауылдың ықпалымен көшiп-қонатын, сол ауылға қарайтын үйдi айтады. Отау иесi – көбiне әкесiнiң үй тiгiп берген баласы, не ағасы үй тiгiп берген iнi.

Үлкен отау. Кiшi отау. «Үлкен отау», «кiшi отау» атауларының мағынасы ұқсас, олар тек — отау иесiнiң тайпалық, рулық қарым-қатынастағы орнына байланысты берiледi. Егер ауыл ақсақалы iнiсi мен баласына үй тiгiп берiп бөлек шығарса, бiрақ әлi еншiсiн бермесе, онда олар iнi үйiн — Үлкен отау, баласының үйiн — Кiшi отау деп атар едi.

Үлкен үй. Кiші үй. Бұл атаулар отау мағыналас. Бұл атауларды орташа дәулеттi ауылдар көбiрек пайдаланады.

Киіз үй. ©jas.kz
Киіз үй. ©jas.kz

Төр үй. Ауыз үй. Жағдайы жеткен кiсiлер екi не үш үйдi жалғастыра тiккен. Ол үйлер төр үйлер мен ауыз үй атағын алатын болған.

Қонақ үй. Ас үй. Қонақ көп түсетiн үйлер қонақтарға ас беретiн жеке ас үй, демалдыратын жеке қонақ үй тiккен. Атақты кiсiлердiң бiрнеше қонақ үйлерi болған.

Ақ үй. Көбiнесе үйдің киiзiнiң түсiне байланысты айтылады.

Қара үй. Қараша үй. Кедейлеу адамдар ақ қой жүнін таппаса, үйін қоңыр жүннен басылған киізбен жабады да, ондай үйлер “қара үй”, “қараша үй” аталады.
Бай ауылдың шаруашылық үшін пайдаланатын үйлері де көбіне қоңыр жүннен басылған киізбен жабылып, сондай атауларға ие болады.

Жабасалма. Жолым үй. Жорық үй. Көшiп, не керуенмен келе жатып, бiр қонып аттанатын жағдайда — екi керегенi жайып, бастарын түйiстiрiп бекiтiп, үстiне киiз жауып жасаған баспананы «жабасалма» дейді.
Көш кезiнде шаршаған малдың, көш-көлiктiң жағдайына қарап, аз уақытқа аялдаған шақта бума уықтарды бастарымен түйiстiрiп, үстiне киiз жауып жасаған баспананы «жолым үй» атаған. Бұл сөз «жолшыбай жасалған үй» мағынасын бередi. Жабасалма мен жолым үйлерге от жағылмайды.

Киіз үй. ©jas.kz

Шайла. Шатпа. Күрке. Қос. Ақтақыр. Уақытша баспана жасау үшiн кез келген нәрселердi қалқитып бекiтiп алып, үстiн киiзбен жаба салатын болған. Сондай күркенi, қосты — кей жерлерде бiреулер «шайла», «шатпа» деп атаса, бiреулер «ақтақыр» деп жатады. Күркені — малды өргізіп, жайылым ыңғайына бейімделген маошылар көбірек пайдаланған. Үлкен үйлердің қасында кереге сыртынан ши ұсталған, “иткірмес” етіп жасап, тағам сақтайтын «күркелер» тұрады.

Сайын Назарбекұлы


Сайын Назарбекұлының «Қазақтың киіз үйі» атты кітабын көшіріп алу 

Кітапта киіз үйден басқа — оның детальдары, жабдықтары туралы көп мәлімет келтірілген. Сонымен бірге қажетті формулалар да бар. Слайд, презентация жасауға пайдалануға болады.


 Шырақ Байкенова

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img