Зағип жанның түйткілі тек қана кемістігі ғана емес. Олар бір жағынан ауруының емі үшін қажетті емдерді іздесе, екінші жағынан өзін тануға, қоғамға сіңіп кетуге қатысты қажеттіліктеріне жауап іздейтіні ақиқат. Қоғаммен біте қайнасып, өзінің жеке қабілеттері арқылы адамзатқа пайда келтіруі үшін ол да өзге адамдар секілді дұрыс білім мен тәрбие алуға мұқтаж.
Әсіресе бір кемтар жанның күнделікті тіршілікте алдынан шығатын қиыншылықтарға төтеп бере алатындай білім мен тәрбиесі болуы өте маңызды. Табандылық және сабырмен берілетін білім мен тәрбие зағип адамның бір іске жарауына септігін тигізеді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында «Құран тәржіманы» деген лақаб атымен танымал болған сахаба Ибн Аббас қаншама жыл көзі көрмей, зағип күй кешірген. Танымал сазгер Бетховен де өмірінің соңғы 26 жылын естімейтін саңырау болып өткізген. Ал заманымызда дүние жүзінде адам баласының кісілік қасиеттерін дамытуға, жігерлендіруге байланысты түрлі семинарлар өткізіп жүрген Ник Вуйчич бұл жалғанның есігін аяқ-қолсыз ашқанын білеміз.
Көріп отырғанымыздай адамдарды мүгедек, кембағал деп мән бермей өтіп кетуге болмайды. Мүгедек жандардың кейбір істерді жасай алмауы, барлық нәрсені жасай алмайды дегенді білдірмейді. өз қабілеттерін анықтап, өзін дамытуы үшін мүмкіндік алған бір зағип, тек өз басына ғана емес, бүкіл отбасына да бақытты ететін жетістіктерге қол жеткізуі ықтимал. Сондықтан неше рет сынап көргеніне емес, нәтижеде неге қол жеткізгеніне көңіл аударайық. Әр мәртебе тырысқан сайын оны жігерлендіріп, қолдап, ең кішкентай жетістіктерінің өзі бағалап, марапаттап отырудың маңызы үлкен.
Қайсыбір қабілетінен айырылған кісі бүкіл болмысын жоғалтқандай қарым-қатынас көруі, керексіз адам секілді бағалануы,қоғамдық өмірге жат болып, төрт қабырғаның ішіне қамалуы өте үлкен қатыгездік.
Ислам тарихында зағип сахабалардың іске жарайтынын білдіретін өнегелер жетерлік. Алла Тағала мүгедек кісімен оның адамдық ар-намысына тимей сөйлесудің не екенін ғасырлар бұрын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үйреткен. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні меккелік мүшриктердің алдыңғы қатарлы адамдарына Ислам дінін түсіндіріп жатқанда, бір нәрселер туралы хабар алғысы келіп қасына келген, көзі көрмейтін Абдуллаһ ибн Үмми Мәктумге тиісті көңіл бөлмей қояды. Сол сәтте Алла тағала аят түсіріп, өте ауыр ескертулер жасалды:
«Қасына көзі көрмейтін (зағип) адам келді деп түсін суытты да, теріс айналды. Қайдан білесің бәлкім ол тазарып, арылар немесе насихат алар да, ол насихат оған пайда берер! Ал өзін мұқтаж санамайтынға сен ілтипат етесің. Оның өзі арылғысы келмесе, оған сен жауапты емессің.Бірақ Алладан қорқып, саған бар ынтасымен жүгіріп келгенге көңіл бөлмейсің. Жоқ! (Бұлай жасалуға тиіс емес!) Өйткені Құран әркім үшін бір үгіт-насихат, ескерту! Қалаған адам оны есіне сақтап, сабақ алады.» («Абәсә» сүресі, 1-12-аяттар).
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы оқиғадан кейін Абдуллаһты әр көрген сайын«Өзің туралы Раббым маған ескерту жасаған жан, амансың ба!» деп көңілін аулап тұрды.
Әлбетте, бұл ескерту бүгін де өз күшін жойған жоқ. Өйткені көңілі жарым адамға өзінің қымбат екенін жеткізу онымен ел қатарлы сөйлесу арқылы жүзеге асады.
Міне, осы жағынан келгенде зағип жанмен сөйлескенде бүкіл денемізбен оған бұрылуымыз керектігін ұмытпағанымыз жөн. Оның мінезіне сай қарым-қатынас жасайық. Оған айтқан әрбір сөзімізге абай болайық, тілімізге қарауыл қояйық. Оның сұрақтарына кешіктірмей жауап берейік. Ол сөйлеуге қиналса да, біз оны мұқият тыңдайық. Түсінбей қалған жеріміз болса, өтірік түсінгендей түр жасай салмай, қайталап сөйлетіп, анықтап тыңдап алайық. Бәлкім,ең бастысы, сабырлы және төзімді болайық!
Бір адаммен денесіндегі кемістігі туралы айтып ұрысу, сыртынан өсек айтып, күлу, қасында тұрып сыбырласу немесе оған ұнамайтын аттар қойып атау Ислам мінезімен мүлдем байланыспайтын жағдайлар. Бұл туралы Раббымыздың бұйрығы ап-айқын:
«Уа, иман келтіргендер! Бір қауым екіншісін мазақ етпесін, кем санамасын. Бәлкім, олар өздерінен әлдеқайда артық. Бір-біріңді қараламаңдар, бір-біріңді (жаман) лақаппен шақырмаңдар. Иманнан кейін пасықтық қандай жаман ат! Кім тәубе етпесе, залымдардың нақ өзі, міне, солар. » («Хужурат» сүресі, 11-аят).
Зағип адамды кекетіп, мазақтау дінімізде қатаң тыйым салынған іс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақысына маған өте көп нәрсе берілсе де, ешкімнің істегенін қайталап, мазақ етуді ұнатпаймын» деген. Өйткені тағы да сол рақым Пайғамбарының (с.ғ.с.) тілімен айтсақ, «Мұсылман бауырын кем санауы адамға жамандық ретінде жетеді.».
Жүре алмағаны үшін «ақсақ» деп, сөйлей алмағаны үшін «кекеш» немесе «сақау» деп көрмейтін себепті «көр» яки «соқыр» деп, ақыл-ес кемістігі үшін «жынды», «тентек» деп қор сөздермен аталып, намыстары тапталып жүрген қаншама адам бар. Ал бірақ күні ертең өзі дәл сондай емтиханға түсіп, сыналмайтынына кім кепілдік бере алады?
Бәрімізде жұрттан құрмет көріп , сенімге толы көздермен ұшырасуды қалаймыз. Мүгедек адам үшін атқара алатын істеріне байланысты жылы сөз естіп, сый-құрметке ие болу соншалықты маңызды.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Бауырыңның дертіне күлме, кейін Алла оған рақым етіп, сені сол дертке душар етер.» деп бұйырады. сондықтан зағип жанды келе қылудың орнына оның қабілеттерін демеп, жетістіктерге жетелеген абзал.
Техникалық мүмкіндіктерді де пайдалана отырып науқас, мүгедек, қария, бала секілді көңілге мұқтаж адамдардың қоғам өміріне белсенді қатысулары үшін еңбек етейік.
Бір дөңгелекті арбаның немесе естуге арналған құралдың зағиптың өмірін өзгертіп жіберетінін мойындайық. Бір лифт үлкейтілген әріптермен жазылған бір кітап немесе, кішкентай бір көтергіш құралдың қаншалықты маңызды екені білейік, Алла Елшісінің (с.ғ.с.)»Жеңілдетіңдер, ауыртатпаңдар! Сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген сөзін өмірлік ұстаным етіп, мүгедектер үшін тіршілікті оңайлататын және сүйдіретін қызметтерге барымызды салайық.
Тек қана өзінің ыңғайлы өмірін ғана емес, ортақ аспанды, ортақ суды, ортақ қаланы бөлісетін әркімнің рахатын ойлаған бір адам сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)мына сөзінен өзін таба алады: «Мүміндердің бір-біріне мейірімділік, сүйіспеншілік және жылылық көрсету тұрғысынан бір денедей екенін көресің. Тіпті бір ағзасы ауыра қалса дененің өзге мүшелерінің де ұйқысы қашып, ыстығының көтерілуі арқылы қиналғаны секілді…».
Олай болса, ауру сырқат немесе зағиптық себебімен орнымыздан қимылдай алмай қалсақ, жақсы көрген жандарымыз бізге келсе, хал жағдайымызды сұраса, шыр айналып жатқан диірмендей дүниедегі қарбалас істердің арасында бір сәт тоқтап, бізді де ойлап қойса деп тілейміз. Сол кезде «Аштарға ас беріңдер, ауруларды зиярат жасаңдар!» деген ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзіне құлақ асайық.Жақсылықтың қайтарымсыз қалмайтынына деген иманымыз бар болса зағип жан үшін де, оның отбасы үшін де демеу болып, зияраттарымызды азайтпайық.
Емдеулеріне жәрдем берейік, қажеттіліктерінің бәрін жасайық. Алланың тағдыры деп зағиптықтың емін іздемей қою сабыр мен тәуекелге жатпайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әй, Алланың құлдары! Емделіңдер. Өйткені Алла шипасын бірге жаратпаған ешбір ауруды жаратпаған» деген хадисіне қарасақ, ешқашан шипадан күдер үзбеу керек.
Бүгінде көптеген аймақтарда мүгедектер топтары құрылып, өте пайдалы істерді атқаруда. Тіпті ақыл-ес кемістігі барлардың өзі осы жұмыстарға тартылуда. Өздеріне арнайы шеберханалар жасап алған мүгедек жандар сау адамдардың өзі атқаруға қиналатын істерді сабырмен, ұқыптылықпен атқаруда.
Өйткені ақыл-есінің кемшіл болуы, олардың өзге қабілеттері мен күш-қуаты да кем дегенді білдірмейді. Олар бір нәрсені тауысатын емес, өндіретін, өз қажеттіліктерін емес, өзгелердің мұқтаждықтарын өтейтін пайдалы адамдар қатарына қосылу үшін белгілі бір тәрбие мен білімге қажеттілік сезінеді. Есіту, көру қабілетінен айырылғандар мен мүгедектер орындығына таңылғандар істейтін жұмыстар шеңбері тіпті көп.
Қорыта айтар болсақ, зағиптар көңілдері жарым екенін ұмытпайық және олармен қарым-қатынастарға ереше мән беріп қарауымыз тиіс. Зағиптық адамды тез ренжігіш, өкпешіл, сезімге берілгіш ететіні белгілі. Әсіресе жол апаты мен құрылыс басындағы қайғылы оқиғалар сияқты жағдайларға душар болған мүгедек жандар өз қажеттіліктері өтелмесе, көңілдері тез жараланатын болады. Бұл сезім оларды бақытсыз сезіндіреді.
Қайғылы оқиғалардың соңында пайда болған мүгедектікке байланысты еңселері түсіп, салы суға кеткен адамдарға көңіл бөлу мен сүйіспеншілік қажет. Әрине, ол жасанды, көзбояушы қарым-қатынас болмауы керек. Салмақты, байсалды, шынайы қатынас болуға тиіс. Айналасынан өзіне күш беріп, демеу болатын рухани қуат ала алаған зағип жан ақиқатты жылдам қабылдап, өмірге қайтадан күлімдеп қарайтын болады.
Зағип жанның да адам ретінде өз мәртебесіне сай ақылары бар. Бұл ақыларын қорғауға күші жетпесе де, біз олардың сол ақыларын жемейік.
Қай жаста болса да олардың алдындағы міндеттеріміз діни, ұждандық және адами жауапкершілігіміз деп білейік.
Балғабек Мырзаев
kazislam.kz