Четверг, 21 ноября, 2024
No menu items!

Абзал Әжіғалиев: Бір жарым жыл жарысқа түспедім

Басқа ақпараттар

Шорт-тректен Қазақстан командасы көшбасшыларының бірі Абзал Әжіғалиевтің жарыс жолына шықпағанына да бір жылдан аса уақыт өтті. Жанкүйерлер арасында танымал спортшы мансабын аяқтады деп топшылағандар да бар.

Бірақ мүлдем олай емес. Olympic.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында Әлем кубогі кезеңінің алтын жүлдегері осы уақытқа дейін неге көзден таса қалғанын, алдағы Азия ойындарына қатысқысы келетінін, ел ішіндегі бәсеке мен Олимпиадаға қатысты жоспарларын бөлісті.

Әжіғалиев осы күндері Астанада өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты аясында жарыс жолынан көрінді. Екі күн ішінде Абзал екі жүлдеге ие болды. Бірі – «алтын», екіншісі – «күміс». Алда тағы бір күн бар, ал шорт-трекші болса, өзінің мұзға қайта оралғанына бек риза.  

— Абзал, сізді мұз айдынында көргенімізге қуаныштымыз. Бір маусым бойы сіз өнер көрсетпедіңіз. Сізді спорттан кетті, не қатты жарақат алды деп ойлағандар бар екен. Неге көрінбей кеттіңіз?

— Бір жарым жыл бойы жарыстардан бой көрсетпеуімнің өз себебі бар. Мен бұл кезеңде қарқынды түрде жаттықтым. Оңтүстік Кореяда болдым. Бұл елдің құрамасы осы спорт түрінен өте мықты. Әлемдік көшбасшы деуге болады. Құрамада үздік спортшылар бар. Әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері бар. Титулды шорт-трекшілер көп. Қажетті тәжірибе жинақтауым, біраз дүние үйренуім мен үшін маңызды болды. Маңызды, себебі 2026 жылы Олимпиада ойындары болады, сондықтан өзімді, машықтарымды жақсартқым келді. Спортта қанша уақыт жүргенің маңызды емес. Әр кез үйрену керек дүние табылады. Мен жас спортшыларға да мұны үнемі айтып келемін. Ешқашан дамуыңды тежеп, белгілі бір деңгейде қалып қоймауың керек.

— Келісемін. Спорт еш уақытта бір орында тұрмайды.

— Дәл солай. Әлемдік спорт ешқашан бір орында қалып қоймайды. Қашан да жаңарып отырады. Тактикалар, жаңа техникалық элементтер, ережелердегі өзгерістер – әр маусымда бір нәрсе жаңарады. Сондықтан, жаңа нәрселерден сусындау мен үшін маңызды болды. Айтып өткенімдей, кореялықтар шорт-тректен үздік саналады. Сондықтан Оңтүстік Кореяға аттанып, жаттығу процесін өз көзіммен көріп, жаттығулар жоспарымен танысып, олардың мұзда сырғанау техникасын білгім келді. Олардан үйренеріміз көп. Осы тұста ол жақтағы жаттығу уақыты басқалардікінен әлдеқайда өзгеше деп айтқым келеді. Жаттығулары таңғы бесте басталады. Ал бізде ол… Білмеймін, енді…

— Біз үшін жабайылау ма?

— Иә, солай деуге де болады. Біреу таңғы бес болмай тұрып, мұзға барып жаттығады дегенге ешкім сенбейді. Ал олар үшін әдепкі, қалыпты дүние.

— Осы ретте бір нәрсені нақтылап алғым келіп отыр. Сіз Оңтүстік Кореяға дайындыққа аттандыңыз ба әлде олар өздері сізді шақырды ма?

— Олар мені шақырды. Ол жерде Корея спортшылары ғана емес, Жапониянікілер де болды. Айтпақшы, оларда ұзақ қашықтықтарға конькимен жүгіру қатты дамыған. Дәл мен маманданған спринт жағы оларда ақсап тұр екен. Сондықтан тәжірибе алмасу болды. Мен оларға спринтті үйреттім, ал олар ұзақ қашықтықтарды анағұрлым сапалы еңсеруден көмек берді.

Үздіктермен жаттыққан кезде бәсеке босаңсуға мүмкіндік бермейді. Жаттығулар да үнемі күрделі өтеді. Тіпті психологиялық жағынан да. Бірақ басқа атлет өз-өзін тастап жібермейтінін, барлық жүктемеге шыдап жүргенін көресің. Бұл ынталандырады. Таңғы бесте болсын, басқа уақытта болсын, тұрасың.

Шынымды айтсам, алғашқы екі апта мен үшін өте қиын болды. Кейіннен олардың кестесіне үйреніп кеттім. Тіпті тым ащы тағамдарына да үйрендім  (күледі). Жазда аптап ыстық болды, бұған да үйреністім. Нәтижесінде өте жақсы тәжірибе жинақтап келдім. Жаңа маусымда өзім жаттыққан спортшылармен мұзда кездесеміз деп ойлаймын. Олармен бірге жаттыққан соң нақты қалай сырғанайтынын біліп тұратын боламын.

— Яғни, қай сәттерде қандай тактикаға ауысу керек екенін білетін боласыз ғой?

— Иә-иә. Белгілі бір жағдайларда үйренген жаңа машықтарды қолданып, айламды асыра аламын. Өз командаңмен ғана жаттыққан кезде басқа спортшылардың мұздағы әрекеттерін білмей қалуың мүмкін. Ал егер осыған дейін өзге құрама атлеттерімен аз да болса жаттықсаң, жеңіске жету мүмкіндігі де арта  түседі. Жарысу анағұрлым жеңілдеу болады.

— Қазіргі таңда ел чемпионатының екі күні артта қалды. Оңтүстік Кореядағы жаттығулардың пайдасы тиді ме?

— Жүз пайыз. Кеше (2 қазанда – ред.еск.) 1500  метрді орындадым. Бұл менің қашықтығым емес, себебі мен спринтермін. Алайда өте жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Бапкерлердің көңілі толды. Тіпті мұндай ұзақ қашықтықты қалай еңсергеніме таңғалды десем де болады. Сәтін салды деп айта алмаймын. Өте көп жұмыс жасалды. Сондықтан кеше мен жарысқа түсуге дайын екенімді дәлелдедім. Ертең 1000 метрлік жарыста бақ сынаймын. Финалға шығып, тағы бір жүлдеден үміттімін.

— Алда мазмұнды жарыстық кезең. Ұзақ қашықтыққа жарысқа түсесіз бе әлде бұл тек Қазақстан чемпионатындағы тәжірибе ме?

— Былай айтар едім, Әлем кубогі кезеңдерінде бәрі спортшының еншісінде. Әр спортшы өз машығына қарай таңдау жасайды. Қазақстан чемпионатына келер болсақ, ол іріктеу турнирі, сол себепті барлық қашықтықта өнер көрсетеміз. Әр турнирдің шарттары әр түрлі. Алайда құрамаға спортшыларды іріктеу және команда жасақтау біте сала, әркім өз қашықтығында бақ сынайтын болады.

Бірақ толық олай болмайды деп те айта алмаймын. Алда Олимпиада алдындағы маусым. Сондықтан қазірден жаңа дүниені байқап көріп, өзіңді сынауға болады. Сол кезде, Олимпиадаға іріктеу кезеңіне дейін дайындық жағынан, мүмкіндіктер мен қателіктер жөнінен толықтай картинаны көре аламыз. 

— Азия ойындарына қандай жоспар бар?

— Соңғы рет Азия ойындарына 2011 жылы қатысқан едім. Қола жүлдені иелендім. 2017 жылы жарақат алып, қатыса алмадым. 14 жылдан соң, міне, тағы да Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік туып тұр. Бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланып қаламын. Азия үшін бұл жарыстар өте маңызды.

Кореялықтар мен қытайлықтар Азия ойындарын, мәселен Әлем кубогінен жоғары қояды. Яғни, олар үшін Азиаданың рөлі басым. Біз де әр қашықтықта бақ сынай аламыз. 500 метрлік жарысқа үміт артып отырмыз, себебі құрамада сапалы спринтерлер көп. Күшімізді көрсетеміз деп ойлаймын.

— Оған қоса, шорт-тректен азиялық турнирлер әлем чемпионатына ұқсас келеді…

— Азия ойындарындағы шорт-тректен жарыстар тіпті Олимпиада, әлем чемпионатына қатты ұқсас деуге болады. Бағдарламаның әр түрінің өз қиындығы болады. Барлық жарыс түрінен бақ сынаймыз, қарсыластар қатарында көптеген әлемдік көшбасшылар бар.

— Үзілістен кейін мұзға қайта оралдыңыз. Қазіргі дайындығыңызға көңіліңіз тола ма?

— Бір жарым жыл жарысқа қатыспадым. Сондықтан жарыстарды, мұзды сағындым. Өлердей сағындым, «ашпын» деп айта аламын. Мотивациям да шабыттандырып жатыр. Мұзда бойымды батылдық билейді. Ләззат аламын. Ешқандай толқу жоқ. Мұзға шығып, өз ісіме зор ләззатпен кірісетін едім. Әр сәттен рахаттанатынмын. Осы сезімдерді сағындым. Қазір спортты қатты қажетсініп жүрмін. Күш жинап оралдым.

— Ішкі турнирлердегі бәсекеге қандай баға берер едіңіз? Деңгей бойынша алға ілгерілеу бар ма?

— Деңгей жоғарылады, әрине. Жігіттер де бізге қарап ұмтылып, тәжірибе жинап жүр. Бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Болашақта халықаралық аренада елімізде жақсы нәтиже көп болады деп ойлаймын. Жасөспірімдердің де деңгейі жақсы, құраманың мүмкіндігі зор. Келесі жылы Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогінің кезеңі өтеді. Жақсы нәтиже үшін дайындалатын болады.

Бір өкініштісі, елімізде шорт-трек аса танымал емес. Бірақ жанкүйерлер жарыстарды өз көзімен көбірек тамашаласа, қызығушылық та артады деп ойлаймын. Әлі уақыт бар. Турнирді жарнамалап, насихаттайтын шығар. Дәл біздің спортта өте әсерлі, әдемі сәттер көп-ақ…

Подготовил Роман Кушпелев 

Фото: Сали Сабиров, Getty Images

olympic.kz

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img