Четверг, 21 ноября, 2024
No menu items!

Көпке ұнаған Ұлы Гэтсби

Басқа ақпараттар

«Өткенді қайтаруға бола ма? Әрине, болады»

Осындай тірек сөзге негіздеп түсірілген «Ұлы Гэтсби» фильмі 2013 жылдың үздік фильмдерінің бірі. «Мулен Руж», «Танцы без правил», «Ромео + Джульетта», «Австралия» секілді киношедеврлерді көрермен назарына ұсынған режиссер Баз Лурманның кезекті туындысы 2014 жылы «Оскар» сыйлығын «Ең үздік костюм», «Қоюшы-суретшінің үздік жұмысы» номинациялары бойынша, «Британиялық академия» сыйлығын «Ең үздік грим және шаш үлгісі» номинациясы бойынша ұтып алған.

Фильм сюжеті басты кейіпкерлердің бірі Ник Каррауэйдің айтуы бойынша баяндалады. Ол 1922 жылдың көктемінде, керемет джаз бен «контрабандалық алкаголь патшаларының» заманы дәуірлеп тұрған кезде, орталық батыстан Нью-Йоркқа келеді. Америкалық арманының артынан қуып, ол жұмбақ әрі өзінің тамаша сауықкештерімен атағы шыққан миллионер Джей Гэтсбимен көрші болады. Бірақ Ник армандаған Нью-Йорк өмірі оның көңілінен шықпайды. Ол үлкен қала өмірінің шынайы келбетін көреді, қазіргі заман салтына айналған шіріген байлардың өтірік махаббатына, алдауға, керемет өмірдің иллюзиясына куә болады. Джей Гэтсби, Дэйзи Бьюкенен, Том Бьюкенен мен оның көңілдесі Миртл Уилсонның арасындағы жағымсыз қатынастар мен құпия махаббат сырларын сақтаушы Ник Каррауэй болады.

Фильмнің сәтті шығуы 50% сценарийге байланысты. Осындай шытырман оқиғаларға негіздеп түсірілген фильмнің сценаристері — Баз Лурман, Крэйг Пирс, Фрэнсис Скотт Фицджеральд. Көрермен санасына оқиғалар тізбегінің әрбір деталін тамаша жеткізген бұл кісілерге жұмысына орнымыздан тұрып шапалақ ұру артық болмас. Сонымен қатар режиссердің сәтті жұмысы фильмдегі назарсыз қалады-ау деген әрбір ұсақ-түйектен бір ойдың негізін жасауынан көрінеді. Мысалы, фильм жасыл фонарьдан басталады. Бұғаздың арғы жағындағы қарапайым ғана жасыл шам Джей Гэтсби үшін мәңгілік махаббатының белгісі. Бес жыл бойы ғашығын бір көрсем деп армандап жүрген Джей күн сайын жасыл фонарьға қолын созып тұрады. Ал ақыры ғашығы жанына оралған кезде ол күн сайын көз алдында жарқырап тұратын жасыл шамды мүлдем ұмытып кетеді. Өйткені, оның жасыл шамы қасында еді. Ол – Дейзи.

Міне, режиссер жұмысының сәттілігі осыдан көрініс табады. Ол бір кинокартинаның аясына бір оқиға желісін ғана емес, сол замандағы Нью-Йорк өмірінің көрінісін сыйдырады. «Уолл стрит» корпорациясының қарыштап дамуы, байлардың ақшасының осының арқасында еселеп өсуі, олардың шалқып өмір сүруі, керемет виллаларды иемденуі, ал керісінше қарапайым жұмысшылардың Нью-Йорк қоқыс алаңында бас көтермей жұмыс жасауы және олардың басым бөлігі қаранәсілділердің болуы – міне, 1920-1930 жылдардағы Америка өмірі бір кинокартина ішінде. Режиссер жұмысының сәттілігі де осы.

Актерлер құрамының ойынына тоқталатын болсақ, фильмді киношедеврға айналдырған Леонардо Де Каприоның ойыны десек артық айтқандық емес. Ник Каррауэй үшін жиіркеніш туғызбаған бір адам болса – ол Джей Гэтсби. Ник үшін үміт оты, нағыз адамгершілік пен ақжүректіліктің символына айналған Джей Гэтсби рөлін Де Каприо керемет алып шыққан. Гэтсбидің жүрісін, оның мәнерін, ұялшақтығын, Никке үміт сыйлайтын көздерін, Дейзиді көрер сәттегі қобалжулары мен жымиуын Де Каприодан артық ешкім сомдай алмас еді.

Бұл фильмнің өзге фильмдерден өзгешелігі костюмерлер мен декораторлардың керемет жұмысында. Фильмді шедеврға айналдырған да осы. Олар фильмдегі әрбір ұсақ-түйекке назар аударған. Ник пен Джей кешкі ас ішетін мейрамханадағы бишілердің костюмдерінен бастап Джей Гэтсбидің үйіндегі сауықкештерінің декорациясына дейін аса шеберлікпен жасалған. Костюмерлер фильмдегі әрбір адамның, мейлі ол Гэтсби болсын, мейлі ол Томның үйіндегі қызметкер болсын, барлығының киімдеріне назар аударған. Американың 1920-1930 жылдар аралығындағы сән үлгісі – көздің жауын алатын жылтыр көйлектер, бриллиант,  маржан, қауырсындар, бәрі-бәрі осы фильмде көрініс табады. Фильмнің әрбір минутында режиссерлер мен сценарийсттердің еңбегі ғана емес, костюмерлер мен декораторлардың төккен тері бар. Том Бьюкененнің үйінің суреттелуінен бастап, Никтің үйге кіргенде Дейзи мен Джорданның перделермен ойнап жатуы, көліктер мен  отшашулар, майшамдар, гүлдер, қызметкерлердің жүріс-тұрысы мен костюмдерінің өзі асқан шеберлікпен жасалған.

Ал Гэтсбидің үйі мен оның сауық кештері бөлек дүние. Оның үйінің қақпасынан бастап, есіктері, шамдары, кітап сөрелері, Гэтсбидің жатын бөлмесі, оның жейделері тағы сол сияқты элементтер фильмнің сырт келбетінің әдемілігін арттырады.

Фильмде сонымен қатар арнайы эффекттер мен компьютерлік графика да орын алған. Бұның бәрі, әрине, шеберлікпен жасалған. Арнайы эффекттер киноның бояуының қанықтығын арттырады. Осының арқасында фильм көздің жауын алар түрлі түстермен әспеттелген. Бұл фильмге көрермен тартуға жақсы әсерін тигізген.

Фильмнің соңғы әрі басты элементі  – саундтректері. «Ұлы Гэтсби» фильмінің саундтректері ғаламторда ең көп ізделген саундтректер қатарында. Фильм композиторы — Крэйг Армстронг. Кинода 21 саундтрек қолданылған. Саундтректердің сәттілігін арттырған – оларды Джей Зи, Бионсе, Лана Дэль Рей, Джек Уайт, Ферджи, Канье Уэст, Сиа секілді әлемдік жұлдыздардың орындауында. Тіпті фильмді сәтті таңдалған саундтректері үшін ғана көруге болады. Мысалы, Гэтсбидің сауықкештеріне «A Little Party Never Killed Nobody» және «Back To Black» композициялары тамаша үйлеседі, ал фильмнің мұңды әрі сезімтал сәттеріне Лана Дэль Рей мен Сианың нәзік дауысы тамаша әсер сыйлайды.

Жалпы айтқанда, «Ұлы Гэтсби» фильмі махаббат пен өшпенділік, өтірік пен шынайылық, сұлулық пен сұрықсыздық қатар үйлесім тапқан тамаша туындының бірі. Осы фильмді көруге құрбым кеңес бермегенде мен өзімнің сүйікті фильмімді табуға көптеген жылдар құртар едім.

Айман Сырлыбай

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img