Алматыда суррогат ана өз қызметі үшін уәде етілген ақыны талап етіп отыр. Тапсырыс берушілер дүниеге келген баладан бас тартқан. Кристина Гаврилюк жаңа туған сәбиді бірден Сәбилер үйіне өткізіп, енді тапсырыс берушілерді тауып, келісілген 7,5 миллион теңге көлеміндегі гонорарды алмақ ниетте. Әйел осы мәселеге байланысты полицияға жүгінген. Алайда жағдайды қиындататын жайт – биологиялық ата-аналар шетел азаматтары және байланысқа шықпай отыр, деп хабарлайды Jas.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
27 жастағы Кристина Гаврилюк бөтен баланы ақша үшін көтеріп беруге келіскен. Келісімшарт бойынша оған 7,5 миллион теңге төленуі тиіс болған. Суррогат анамен келісімді Қытайдан келген ерлі-зайыпты жасасқан. Алматыда әйелдің жатырына эмбрион салу процедурасы жүргізілген.
Жүктілік кезінде болашақ ата-аналар тұрақты түрде ақша беріп, шамамен 200 мың теңге көлемінде «жалақы» да төлеп отырған. Алайда асқынуларға байланысты Кристина жетінші айда мерзімінен бұрын босанған. Осыдан кейін тапсырыс берушілер шала туған ұл баланы алудан бас тартқан.
Кристина Гаврилюктың айтуынша, отадан кейін баланы бірден алып кеткен.
«Кесарь тілігінен кейін баланы бірден алып кетті. Төрт сағаттан кейін медбике келіп, баланы басқа жерге тапсырғанын айтты. Мен бәрі дұрыс па, бала тірі ме деп сұрадым. Ол “бәрі жақсы” деді», – дейді ол.
Алғашында биологиялық ата-аналар баланың денсаулығын тексеру үшін талдау жасауды талап еткен. Нәтижесінде барлық көрсеткіш қалыпты екені анықталған. Бала салмақ қоса бастаған. Кейін олар ДНҚ сараптамасын талап еткен. Тексеру нәтижесі олардың балаға туыстық байланысын растаған.
Бірақ содан кейін байланыс үзілген. Кристинаның айтуынша, биологиялық ана кейін баланы алып кетпейтінін хабарлаған.
Кристина Гаврилюк дүкенде сатушы болып жұмыс істейді, алты жастағы қыз тәрбиелеп отыр. Ол бұған дейін екі рет суррогат ана болған, екі жағдайда да келісім сәтті аяқталған. Ал үшінші рет уәде етілген ақыны ала алмай қалған.
Әйелдің айтуынша, ол өзіне тиесілі емес баланы тәрбиелеуге немесе оған жауапкершілік алуға ниетті емес. Сондықтан босанғаннан кейін бірден баладан бас тарту туралы өтініш жазған.
«Бұл балаға деген ерекше сезімім жоқ. Тек осындай жағдай болғанына ғана жаным ашиды. Дәрігерлер кейін ол, мүмкін, табылған бала сияқты болады деген еді. Кейіннен “бас тартылған бала” деген мәртебе берілгенін естідім. Сол сәтте мен тек өз жағдайымды ойладым, олар мені алдап кетті», – дейді Кристина.
Биологиялық ата-аналар туралы ақпарат өте аз. Олар – Қытай азаматтары. Қазір қайда екені белгісіз. Эмбрион салу процедурасы жүргізілген клиникада бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.
Суррогат ана полицияға арыз жазған. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз анықталмаған.
«Тексеру нәтижесінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмағандықтан, іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 79-бабына сәйкес мұндай даулар сот тәртібімен азаматтық-құқықтық негізде қаралуы тиіс. Сондықтан азаматтық талап арызбен сотқа жүгіну ұсынылды», – деді ол.
Қазіргі уақытта жаңа туған сәби Сәбилер үйінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалайды. Ұл бала өсіп, салмақ қосып келеді.
Осылайша, ересектерге қажет болмай қалған сәбидің тағдырын енді мемлекет шешеді. Қазір оған ресми түрде бас тартылған бала мәртебесі берілген.
