Бүгін Қарағанды облысында қолайсыз ауа райының салдарынан 20-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көптеген автожолдар жабылғанымен, шектеу енгізілгенге дейін Астана – Қарағанды тасжолында бірнеше көлік соқтығысқан, деп хабарлайды Jas.kz 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Ошаганды кенті маңында жеті автокөлік қатысқан жаппай жол апаты болды. Салдарынан бір жолаушы қаза тапты, тағы бір адамға медициналық көмек қажет болды.
Жол-көлік оқиғасына ауа райының күрт нашарлауы себеп болған. Қатты боран салдарынан жолдағы көріну деңгейі айтарлықтай төмендеп, кей жерлерде мүлде көрінбейтін жағдай қалыптасқан.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияровтың айтуынша, ескертулерге қарамастан кейбір жүргізушілер алыс жолға шығуды жалғастырып отыр.
«Қолайсыз ауа райы туралы бірнеше рет ескерту жасалып, алыс жолға шықпау ұсынылғанына қарамастан, кейбір жүргізушілер тасжолдарға шығып, сақтықты жоғалтады. Мұндай жағдайлар жиі жол-көлік оқиғаларына әкеледі», – деді ол.
Қарағанды облысының полиция департаменті жүргізушілерді ауа райы жағдайын қатаң ескеріп, жолда барынша сақ болуға шақырды.
