Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу

3285

Елімізде азаматтың құқық қабілеттілігі ол туған кезден басталып, қайтыс болған соң тоқтатылады-мыс. Азаматтың толық көлемде құқықтық дербестігі  кәмелетке толған кезде, яғни 18 жасқа толған кезде туындайды. Алайда, құқықтық әрекет ету азаматқа сананың, жауапкершіліктің, әртүрлі шешімдер қабылдау қабілетінің өсуіне қарай кәмелет жастан ерте келеді.

Бала алты жастан он төрт жасқа дейін ата-анасының тапсырмасын саналы түрде орындай бастайды. Осы жастан бастап бала Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне сәйкес 28.2-бапта көрсетілгендей, іс-әрекеттерінің мәнін түсініп, ақылға қонымды әрекет етуге және ұғынуға қабілетті екен.

Ал 14 жастан бастап кәмелетке толмағандардың әрекет қабілеттілігі кеңейтілмек. Осы сәтте балаға азаматтық жауапкершілік міндеттеле бастайды. Яғни 14 жастап бір қатар заңсыз істері үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі фактісі баланың өзіне артылады.

14 жасқа толған жасөспірімнің жасаған түрлі қылмыстарына қатысты  Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде бірнеше баптар қарастырылған. Дегенмен, көп жағдайда бұл жастағы жасөспірімдер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ егер жасөспірім қоғамға қауіпті әрекет жасаса, оның материалдары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға беріледі. Арнайы орында оған тәрбиелік сипаттағы шаралар қолданылатын сот жасөспірімді қылмыстық жауаптылықтан босатып, оны ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға қатаң қадағалауға береді.  Бұл ретте, алдымен кәмелетке толмаған баланың мінез-құлқын дұрыс тәрбиелеуге және бақылауға қабілеттілігі анықталады.

Егер жасөспірім қайта тәрбиелеу процесінде белгілі бір қиындықтар тудырса, сот шешімі бойынша ол арнайы емдеу-тәрбиелеу немесе оқу-тәрбие мекемесіне жіберіледі.

Бүгінгі таңда мектептер мен орта білім беретін мекемелерде «қиын» жасөспірімдерге сынып жетекшілері мен психолог мамандар арнайы қарым-қатынас жасап, олардың мүдделерін, әдеттерін анықтау мақсатында жұмыс жасайды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың мінез-құлқына теріс әсер ететін ортасынан шығару үшін барлық күш-жігерді бағыттау қажет.

Сынып жетекшісі әр оқушы туралы толық ақпаратты меңгеруі керек. Жасөспірімге сыныптастары, үлкен сынып оқушылары, ата-аналары тарапынан теріс әсер ететін жайттарды да назарда ұстауы тиіс. Сынып  жетекшісі әр оқушының сипаттамасын құруы керек. Белгілі бір уақытта оқушымен жеке жұмыстың нақты-тәрбиелік міндеттерін анықтауы қажет.

Осы тұста айта кететін жәйт, «қиын» жасөспірімдермен жұмыс істеу барысында қойылған міндеттерді іске асыру үшін сынып жетекшісі келесі әдістемелік ұсыныстарды басшылыққа алу қажет:

– оқушының сабаққа қатысуын бақылау және ата-аналарды хабардар ету;

– кәмелетке толмаған жасөспірімді сыныптың, мектептің қоғамдық пайдалы еңбек қызметіне баулуы;

– отбасындағы жағдайды жүйелі түрде бақылау;

– кәмелетке толмаған баланың жағымды эмоцияларын көтермелеу әдісін қалыптастыру;

– алдын ала ойластырылған тақырып бойынша жүйелі жеке әңгімелесу өткізу;

– кәмелетке толмаған баланы сыныптан, мектептен тыс тәрбие үдерісіне қосу және сабақтарына, үйірмеге, секцияларға үнемі қызығушылық таныту;

– нақты оқушының ақпаратты қабылдауына арналған сынып сағаттарын, жиналыстарды өткізу.

Елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00 –ден кейін компьютерлік клубта отыруға және 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Оқушылар демалысқа шығып,мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Әсіресе, жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі.Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.

Жалпы  құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Ал, енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алатыны мәлім.

«Ел болам десең,бесігіңді түзе» деп атам қазақ айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.

Қорыта келгенде, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдары зор рөл атқарады. Бірақ, бұл істе айтарлықтай кемшіліктер бар екендігі барлығымызға белгілі. Мысалы: теледидар арқылы адам өлтіру, қатыгездік, қанкұйлы оқиғалар, алдап-арбау, эротикалық мағанадағы журналдар, фото суреттер, жарнамалар мұның өзі келешек ұрпақтың мінез құлқының қалыптасуы мен даму процестеріне зиян келтіретіндігі айтпаса да түсінікті. Заңда бұқаралық ақпарат құралдарын есірткімен, зорлықпен байланысты материалдар көрсетуді мейлінше азайтуға, сондай-ақ зорлық пен қанауды жағымсыз жағынан көрсетуге мүдделі ететін, осыған ынталандыратын нормалар көзделуі тиіс.

Жоғарыда айтылғандай, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауының себептеріне кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның, прокурорлық қадағалау, полиция, сот-тергеу органдарының  қызметін жетілдіру шаралары көзделіп, кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алудың тиімділігін арттыру үшін барлық құқық қорғау, мемлекеттік басқару органдарының, балалар мен жасөспірімдер мәселелерімен айналысатын жастар және қоғамдық ұйымдар түрлі шаралар даярлауы үлкен көмек.  Сонымен қатар, мекемелердің өзара ықпалдасуын, қызметтерін үйлестіру жөнінде кешенді шараларды әзірлеуі қажет. Осы мақсатта үйлестіруші орган, балалар мен жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алу іс шараларын жүзеге асыру кезінде жинақталатын ақпарат, тәжірибе, білім мен мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейде алмасуды жандандыруға тиіс. Осы орайда айта кететін бір жағдай, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар, білім басқару мекемелері, ішкі істер органдары,  балалар мен жасөспірімдердің жалпы әлеуметтік нормалар мен құндылықтарға сай келмейтін мінез-құлқы, көп жағдайда есею процесімен байланысты болатындығын ескергені жөн. Және есейген сайын олардың мінез-құлқы өзгеретіндігін, ал жасөспірімдерді тәртіп, құқық бұзушы немесе бастап келе жатқан құқық бұзушы деп анықтау көп жағдайда жастардың бойында тұрақты жағымсыз мінез-құлық қалыптасуына әкеліп соғатындығын да терең ескерілуі қажет.