Елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында Мемлекет басшысы жедел әрі жүйелік сипаттағы 140 тапсырма берді. Бүгінде 44 тапсырма орындалды. 32-сі – аяқталу сатысында. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты.

Ұлттық экономика министрлігіне 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген 5 тапсырма бекітілді. Бұл халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу; инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін әзірлеу; шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға бағыттай отырып, «Атамекен» ҰКП-ны реформалау; «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігіне талдау жүргізу; майнинг салығын бірнеше есе арттыру.

Министрдің айтуынша, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырманы орындау шеңберінде еңбек нарығына, өмір сүру деңгейі мен кедейлік көрсеткішіне, халықтың кірісі мен шығысы құрылымына талдау жүргізілді. Анықталған проблемаларды жою мақсатында Бағдарлама халықтың еңбек қызметінен түсетін табысын арттыру; кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты арттыру; жоғары өнімді жұмыс орнын құру; жұмыс күшінің дағдыларын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар түрлі делдалдар мен монополиялық операторлардың комиссиялары мен тарифтерін төлеудегі халықтың қосымша шығысын қысқарту шаралары пысықталуда.

Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында Министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін әзірледі. Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және ортамерзімдік сипаттағы 61 іс-шарадан тұрады. Аталған шараларды іске асырудың мақсаты инфляцияны 2022 жылы 4-6% дәлізінде ұстап тұру және оны 2025 жылға қарай 3-4% деңгейге дейін төмендету.

«Атамекен» ҰКП қызметін реформалау үшін палата қызметіне функционалдық талдау жүргізу жоспарлануда. Оның қорытындысы бойынша ҰКП қызметі ШОБ-ты қолдауға, қорғауға және дамытуға қайта бағдарланады. Ол үшін «Атамекен» ҰКП қызметі мәселесі жөніндегі заңнамаға тиісті түзету әзірленеді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін талдауға келсек, алдын ала бағалау жүргізілді. Ол 2020 жылы Бағдарлама қатысушыларын қолдауға бағытталған 1 теңге субсидия 40 теңге өнім шығаруға және 3 теңге салық төлеуге ықпал еткенін көрсетті. Бағдарламаны іске асырудың екі жылында (2019-2020 жж.) 1,4 трлн. теңгенің өнімі шығарылып, 136 млрд. теңге сома салық төленді. Бұл ретте 2019-2021 жылдары 54 мың жұмыс орны құрылып, сақталды. Бағдарламаға өзгеріс енгізу жөніндегі нақты шешімдер 2022 жылғы шілдеге қарай, төленген салық, шығарылған өнім мен бағдарлама қатысушыларының айналымы бойынша дерек алынғаннан кейін жүргізіледі.

Қорытынды тапсырма бойынша Министрлік Салық кодексіне өзгерістер енгізу жобасын әзірледі. Ол тұтынылған электр энергиясының 1 кВТ-сағатына майнерлер үшін салық мөлшерлемесін 1 теңгеден 10 теңгеге ұлғайтуды көздейді. Сонымен қатар, тұтынушылардың басқа топтарына қарағанда оларға неғұрлым жоғары тариф белгілеу мақсатында энергия өндіруші ұйым тұтынушыларының жеке тобын (цифрлық майнингті жүзеге асыратын) бөлу ұсынылады.