Жауын-шашын боларда, күн суытарда кей адамның тізесі қақсап, буыны ауыратыны бар. Бір жері сыздап, қақсап бастаса-ақ болды, үлкен кісілер «жаңбыр жауатын сияқты, күн суытады ғой деймін» деп отырады. Мұны жиі естиген болармыз. Мұндай қызық құбылыс неден болады? Метеопатия дегеніміз не? Оның салдары қандай? Massaget.kz порталы осы туралы жазды.

Токио Олимпиадасы

2021 жылы Токио қаласында жаздық Олимпиада ойындары өткенін білеміз. Сонда күн ыстықтан спортшылар алаңға шыға алмайды, теннис ойнай алмады, жақсы көрсеткіш көрсете алмады дегенді көп естідік. Сол уақытта, шілде айында Токиодағы ауа-райы да біресе ысып, біресе суып, құбылып тұрды. Арасында жауын-шашын мен тайфун орнап, тасқын жүргені де белгілі. Спортшылардың кейбірі аклиматизациядан өте алмай, біршама қиналды.

Қыркүйек айында ауа-райы тұрақтала қоймады. Токусима университеті зерттеушілерінің айтуынша, осы жазда қала тұрғындарының ауруханаға қаралуы жиілеген. Бас ауруы, селқостық, мойын мен желке құрысу, бас айналу, буын сырқырау сынды симптомдармен және психосоматикалық белгілермен жүгінгендер көп болған көрінеді. Мұндай жағдай елде бұрында болмаған екен.

«Бұл – метеотәуелдік, метеосезімталдық. Ғылымдағы атауы – метеопатия. Ғалымдар бұл құбылысты талай зерттеген. Бірақ ортақ пікірге келе алмады. Бөлек бір аурудың түрі деп таппаған», – дейді бұған қатысты жапон ғалымдары.

Бұл жерде қоршаған ортаның, ауа-райының өзгеруімен ағзадағы құбылыстар да қатар өзгеретіні айтылып тұр. Ал бұған не себеп десек, бірі вегатативті жүйке жүйесінің бейімделуі, екіншісі бұл құбылыс ағзада белгілі бір заттың жетіспейтінін, серотонин (көңіл-күйді реттейді) мен мелатонин (ұйқыға жауапты) сынды гормондардың аздығын білдіреді дейді.

«Соған қарағанда екі механизм де қатар іске қосылатын тәрізді. Адам ағзасы қоршаған орта құбылысына бейімделемін дейді де, вегетативті жүйке жүйесі жұмысын өзгертіп, жүрек соғысы мен тыныс алу жиілейді. Содан белгілі бір химиялық заттар бөлінеді. Қан тамыры кеңеюдің орнына тарылып, содан қан қысымы пайда болады», – деп түсіндіреді Мәскеудегі Сеченов университетінің доценті, м.ғ.к Наталья Семененко.

Зерттелуі

Метеосезімталдықты кеңес одағының ғалымдары да зерттеген. Олар негізінен гелиобиология бағытында, яғни күн сәулесінің адам ағзасына әсері тұрғысынан бақылаған.

«Олар дені сау адамға магниттік дауыл мен басқа да ауа-райы өзгерісі қалай әсер етеді деген сауалдың жауабын таппақ болған. Сонда ауа-райы құбылса, онымен бірге жүрек соғысы да құбылатынын байқаған. Бас пен буын ауруы содан пайда болатын көрінеді. Ең қызығы сол – метеопатия пайда болуы үшін ауа-райы түгел құбылуы керек. Яғни, күн суытты – бас ауырады деген болмайды. Күн суытып, жаңбыр жауып, тұман түсу – бәрі қабаттаса ғана, метеопатия пайда болады», – дейді Семененко.

Жай суықтан бас ауырмайды. Қан тамырының бергі жақтары, яғни қол мен бастағы қан тамырлары тарылғаннан ештеңе болмайды. Ішкі қан тамырларына әлі әсер болған жоқ.

«Ал кешенді фактор әсер етсе, мәселен, атмосфералық ауа қысымы, ауа температурасы, ылғалдылық төмендесе, сонда ағзаға ауыр соққы болады. Вегетативті жүйке жүйесі әсер беріп, гормон-медиаторлар құбылысқа бейімделеді. Оның адамға әсері әртүрлі: бірі бас ауырады, бірі қан қысымы көтеріледі не түседі, бірінде буын мен сүйек сырқырайды», – дейді Семененко.

Мәселе мынада. Ауа-райы шұғыл өзгерсе, аяқ астынан жауын-шашын орнап, күн суытып, басқа да табиғи құбылыстар басталса, адам ағзасы соған бейімделемін деп шұғыл іске кіріседі. Дені сау адамда бұл бейімделу ойдағыдай жүреді де, созылмалы ауруы бар адамдардың ағзасында ақау орын алады. Гормондар жетіспей, вегетативті жүйке жүйесі бұзылады. Жоғарыда айтылған бас ауру мен буын сырқырау содан болады.

Одан бөлек, мынандай тағы бір нәрсе бар. Ол – өзін-өзі иландыру, сендіру (самовнушение). Адам өзі кейде сау басына сақина тілеп алады. Күн бұзылса болды – енді басым ауырады, тізем қақсайды деп шыға келеді.

«Бұл жарамайды. Өзіңді ойлай психологиялық жақтан сендіруге, «тастап жіберуге» әсте болмайды. Психологпен емделу керек», – дейді ол.

2020 жылы жапон ғалымдары 16 мың адамның метеопатиялық белгілерін жинақтап, зерттеу жүргізген. Олар ауа-райы құбылысы мен адам ағзасының өзгерісі арасында тікелей байланыс бар, сондықтан метеотәуелділік деген ауру табиғатта бар деген пайымға келген. Мойын, бел, арқа мен буын ауруына кейде ауа-райы себеп болуы мүмкін. Бірақ кейде адамның өзі аурудың белгілерін «асыра сілтеп» жіберуі мүмкін. Сондықтан ондай науқасқа физио және психотерапия керек.