Ішкі миграция: Жастардың әлеуетін тиімді пайдалануға не кедергі?

124
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Соңғы он жылда әлемде болып жатқан өзгерістер адам капиталын, әсіресе жастардың инновациялық әлеуетін тиімді пайдалана білген елдер страте­гиялық басымдыққа қол жеткізіп отырғанын көрсетеді. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, интеллектуалдық дамуға серпін беретін әлеуетті ресурс.

Биыл республикадағы жұмыс­сыз­дық деңгейі 4,9 пайызды құрады. Fin­prom мәліметтеріне сүйенсек, ауылға қарағанда (5–4,7 пайыз) қала­дағы жұмыссыз жастардың үлесі, әсі­ресе қыз балалар арасындағы жұмыс­сыз­дық көрсеткіші жоғары (4,1 пайыз). Са­рапшылар пікірінше, ішкі миграцияның жүйесіздігі, ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген жастардың тұрақты жұ­мыс таба алмауы сияқты әлеуметтік мәселелердің уақытында шешімін таппауы мемлекеттік органдар жұмысының дұрыс жүйеленбеуін білдіреді.

Осы орайда Мемлекеттік басқару жо­ғары мектебінің профессоры, сая­си ғылымдар докторы (Назарбаев Уни­вер­ситет) Дина Шәріпованың ай­туынша, жас­тар мемлекеттіктен гөрі жеке секторда жұмыс істегенді қалай­ды. Мысалы, мем­лекеттік секторда істейтіндер саны – 21, жеке сек­торда – 62,9, ҮЕҰ – 4,2 пайыз. Жас­­тар­дың 41,9 пайызы алған білімінің жет­кіліксіздігінен өз мамандығына сай жұ­мыс істемейді. Қазіргі кезде білім алып, жұмыс істеп жүргендер арасында ше­телде оқып, сонда тұрғысы келетіндер бар.

Мысалы, бөтен елге кеткісі кел­мейтіндер 61,6 пайызды құраса, кетуге шешім қабылдағандар – 11,5, ал 17,1 пайызы болашақта кетуді жоспарлайды. Жастар таңдаған елдер қатарында АҚШ, Ресей, Еуропалық одақ елдері мен Канада бар. «Адам құқығы, қауіпсіздік, демократия мәселелеріне алаңдаушылық білдіретін жас буын­ның пікірінше, мемлекеттік органдар жастар мәселесін шешуге тырыс­пайды. Бұл мемлекеттік саясат, бағдарламалар мен жастар үміті ара­сындағы алшақтықты көрсетеді.

Қауіпсіздік жас ұрпақ үшін бас­ты құндылық. Олардың басым көп­шілігі білім алуды өмірінің маңызды бөлшегі ретінде санайды әрі 41 пайы­зын алған білімінің сапасы қана­ғат­тандырады. Ф.Эберт атындағы қор тарапынан жүргізілген бұл зерттеу­ге қатысқандардың 24,1 пайызы алған біліміне қанағаттанбайды. Ал жас­тардың 52 пайызын білім жү­йесіндегі сыбайлас жемқорлықтың және оқу орындарындағы «бағаны сатып алудың» жиі кездесетіндігі алаңдатады. Алған білімдері әлемдік еңбек нарығының талаптарына сай емес дейтіндер 48,5 пайыз. Ал жастардың 45 пайызы шетелдерде білім алғысы келсе, 27,5 па­йызы Қазақстандағы білімді қана­ғат етеді», деп атап өтті Д.Шәріпова. Профессор атап өткендей, жастар арасында патерналистік көңіл күй басым. Олар мемлекеттен әлеуметтік қолдау және жеңілдік (79 пайыз) күтеді. Ал 36,7 пайызы қажырлы еңбек ету өмірді жақсартады десе, 37,5 пайызы бұл пікірмен келіспейді. Жас буын үшін қоғамдағы байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық, онымен күрес мәселесі де маңызды. Басым көпшілігі адам құқығы мен бостандығына (88,5), жас буынының жағдайына (88,4), әлеуметтік әділеттілік пен баршаға арналған әлеуметтік жеңілдіктің болуы­на (87,9), қоршаған ортаны сақтауға (88 пайыз) назар аудару қажет деп санайды. Ал саяси апатия жастардың ерекше назар аударатын мәселесі. Олар туыстары және достарымен саясатты талқыламайды. Жастардың 69,2 пайызы Қазақстанның саяси өмірінде өзін-өзі көрсету үшін болашағының әлдеқайда жақсы болғанын қалайды. Қалай айтсақ та, жастар Қазақстанның азаматы бол­ғанын мақтан тұтады. Ал 14–24 жас ара­лығындағы қазақ­стандықтар «әлем азаматтарымыз» деген қағиданы ұстанады.

Бүгінде елімізде 22-23 жас­тағы­лардың басым көпшілігі жоғары, кәсіп­тік-техникалық оқу орындарында білім алады. Осы тұста олардың жұмыссыз қалуына әсер ететін бірқатар факторды ой таразы­сына салып көрейік. Зерттеулер көр­сеткендей, жастардың дені оқу бітірісімен алған біліміне сай табысы жоғары жұмыс істегісі келеді. Алайда жұмыс берушілер жас түлектер үшін қомақты жалақы ұсынбайтыны анық. Заманауи жұмыс беруші мораль­дық, рухани құндылықтардан гөрі өнім­ді еңбекке басымдық береді. Көптеген түлекке мұндай талаптар тиімді емес, сондықтан олар өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр. Жастар көп жағдайда менеджмент, заң, экономика, банк ісі сияқты мамандықтарды таңдайды. Алайда қоғамның жас мүшелерінің қажеттілігі мен еңбек нарығының талаптары сәйкес келе бермейді. Ал еңбек нарығында бұл мамандықтарға сұраныс төмен. Осылайша, көптеген жас қолында дипломы бола тұра өз мамандығымен сәйкес келмейтін салаларда жұмыс істеуге мәжбүр.

Осы орайда мамандар Қазақстанға экономикалық трансформация қажет­тігін айтады. Өйткені алдағы төрт-бес жылда еңбек нарығында ахуал күрделене түсіп, 2025 жылға қарай Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларға жұмысшылар жетіспеу­шілігі туындайды.

Бүгінде республикада 20-28 жас аралығындағы экономикалық белсенді топ 2 млн-нан асады. Олардың дені (76,1) жалдамалы қызметкерлер болса, 23,9 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі айтарлықтай төмен өңірлерде өзін-өзі жұмыспен қамту жұмыстың балама түрі ретінде тиім­ді. Жастар сонымен бірге білім дең­гейі тұрғысынан да айтарлықтай ере­кше­ленеді. Жұмыспен қамтылған жас­тар­дың 42,9 пайызының жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар болса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жас­тардың арасында жоғары білімді­лер 25,2 пайызды құрайды. Ал 15-28 жас аралығындағы жастардың 7 па­йызға жуығы не оқуда жоқ, не тұрақты жұмысы жоқ.

Бұл ретте тиісті министрлік бірқатар өңірде дамыту бағдарламалары аясында оқуға, жұмысқа құлқы жоқ NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуды мақсат етеді. Сарапшылар жастардың қоғамда әлеуметтенуіне өткен ғасырдың 90-жылдарындағы дағдарыстың себеп-салдарының да әсері бар деген пікірде.

Бүгінде көптеген ата-ананы бала­сының қауіпсіздігі алаңдатады. Отба­сының қолына қарап, ата-анасының ығынан шыға алмай қалған жастардың көпшілігі өмірлік қиын­дықтарға бейім­сіз келеді. Қиналып жұмыс істе­геннен гөрі ата-анасының табысын пайдаланғанды тиімді көретін жастар бар. Осыған ұқсас себептерден жастардың белгілі бір бөлігі қоғамдағы жалпы үрдістерден шет қалуда. Мамандардың пікірінше, мұның салдарынан жастардың маргиналды әдеттерді бойына сіңіріп, әлеуметтік тұрақсыздыққа, тіптен қылмысқа баруы жиі кездеседі.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақ­станда жас буынның әлеумет­тенуі­не қатысты кешенді шаралар толыққанды жемісін беруі үшін отбасы, мектеп, оқу орындары мен тиісті органдар ықпалдастығын күшейту қажет. Әсі­ре­се ауылды жерден қалаға оқуға, жұ­мыс істеуге келген жастардың әлеу­меттік жағдайы алаңдатады.

Алматы, Нұр-Сұлтан, т.б. қалалар­да бейімдеу орталықтарының жұмы­сын жетілдіру уақыт күттір­мейді. Осы орайда заманауи қоғамға бейімдеу, болашаққа деген сенімсіздік жетегінде жүрген жастармен жұмыс істейтін психологиялық ресурсты орталықтар қызметін арттырудың маңызы зор.

Дереккөз: Egemen.kz