Шымкент қалалық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері студенттерді алдауға бағытталған заңсыз схеманың жолын кесті, деп хабарлайды Jas.kz Otyrar-ға сілтеме жасап.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер 2025 жылдың қазан айынан бастап TikTok әлеуметтік желісі арқылы Шымкенттегі жоғары оқу орындарының студенттерін анықтаған.
Арнайы боттардың көмегімен олар пайдаланушылардың ұялы телефон нөмірлері мен анкеталық деректерін жинап, кейін оқу орнының порталдары арқылы студенттердің үлгерімі туралы мәліметтерді тексерген.
Емтихан алдындағы сынақ тапсыру бойынша балдары жеткіліксіз студенттер анықталған соң, қаскөйлер келесі кезеңге көшкен.
«Жалған нөмірлер арқылы мессенджерлерде студенттермен байланысып, өздерін университет қызметкері ретінде таныстырған. Олар бір балл жетіспейтіні туралы жалған ақпарат айтып, зачеттан өтпей қалу немесе академиялық қарыздың пайда болу қаупі барын жеткізген», — деп хабарлады полиция департаменті.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, күдіктілер студенттерді қорқытып, мәселені «шешіп беруді» және бағаларды толық «түзетуді» ұсынған.
«Бұл жалған қызметтері үшін 70–80 мың теңге көлемінде ақша талап еткен. Қаражатты алғаннан кейін байланысқа шықпай кеткен», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдіктілердің кемінде алты эпизодқа қатысы бар екені анықталды.
