Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасы аясында құрылған Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмыс дайындығы тексерілді. Нысанды қала әкімі Жеңіс Қасымбек Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярмен бірге аралады, деп хабарлайды Jas.kz.
LRT депосының ғимаратында орналасқан Бірыңғай диспетчерлік орталық қаланың көлік жүйесін басқарудың негізгі тетігі ретінде іске қосылады. Орталық LRT құрамдарының қозғалысын бақылап, интеллектуалды көлік жүйесіне кіретін бағдаршам нысандарының жұмысын үйлестіреді. Сонымен қатар қоғамдық көлікті диспетчерлік сүйемелдеу, велосипедті жалға беру жүйесін басқару, көлік ағындары бойынша деректерді өңдеу және талдау жүргізу осы орталық арқылы атқарылады.
Аралау барысында «Әуежай», «Бәйтерек», «Министрліктер үйі» және «Музей» станцияларының қазіргі жай-күйі де қаралды. Қазіргі таңда LRT желісі бекітілген сынақ бағдарламасына сәйкес толық бағыт бойынша сынақтық пайдаланудан өтіп жатыр. Бұл кезеңде инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелері тексеріліп, персонал даярлығы мен апаттық жағдайлар кезіндегі әрекеттер пысықталуда.
Жобада қолданылатын LRT құрамдары Орталық Азия климатына бейімделген, төмен температура мен мұздануға төзімді. Қозғалыс пилотсыз режимде жүзеге асады.
«LRT жұмысының басталу күні барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралар толық аяқталып, жүйенің талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін айқындалады», – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Жолаушылар тасымалын бастау алдағы көктем айларына жоспарланып отыр. Жоба іске қосылған соң, LRT Астанадағы қоғамдық көлік жүйесінің маңызды бөлігіне айналып, қаладағы көлік қозғалысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
