Апатайым, жүректің жан шуағы,
Менен алыс, ауылда қалған жырақ.
Ойладым сырғып түскен тамшыларды,
Сіз бе екен деп сағынып, тұрған жылап.
Мінезіңнен айналдым, мінсіз анам,
Жағатұғын ағайын, бар қауымға.
Қас қарайып, салғанда түн ызғарлы ән,
Сиыр сауып жүргенде жаурадың ба?
Пейіліңдей өзіңнің аппақ қана,
Сүтті құйып, қазанға пісіргенде.
Ақ сүтіңмен өсірген баптап қана,
Бір күрсініп, бізді еске түсірдің бе?
Бәрімізге дарытқан махаббатты,
От анасы, үйімнің күнсің дағы,
Дәл өзіңдей қастерлі ошақ атты,
Серігіңнің жанында жүрсің бе әлі?
Әкешіме құятын баппен ғана,
Құрметін шайымен де білдіретін.
Сақтайтыны қазақы салт пен сана,
Сол арқылы үйге құт кіргізетін.
Сізді апа, еш экран көрсетпеген,
Бірақ, менің арнамда дара тұлғаң.
Ең қымбат таспен емес, еңбекпенен,
Көмкерілген айналдым халатыңнан.
Келесің балап ұлы қасиетке,
Ата-әжемнің жаулық пен төбетейін,
Бізді әлдилеп салған ең тал бесікке,
Енді сізді жүректе тербетейін.
Құлманова Әсем