Жастарды жұмысқа орналастыруға арналған «Жастар практикасына», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасынан бөлек «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары болса да, жастар арасындағы жұмыссыздық азаяр емес. Неге?
«Айқын» газеті тілшісінің жазуынша, бұл бағдарламалар түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуын емес, тек тәжірибеден өту индикаторын ғана есепке алады, сондықтан мәселе шешілмей тұр.
«Бақсақ, мәселе түпкі мақсаттың дұрыс еместігінде сияқты.
Жыл сайын пәленбай адамды мында, түгенбайды анда жібердік дейтін статистикалық сандардың түпкілікті нәтижесі тұрақты жұмысқа орналастыру болуы керек емес пе? Бірақ біз түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуын емес, тек тәжірибеден өту индикаторын ғана есепке аламыз. Мемлекет бағдарламаға қаражат бөлді, мынша адам қатысып, ол игерілді. Тіпті, асырып орындалды дейміз. Сонымен жылды жабамыз.
Жұмыс іздеуге шорқақтығымыз, сонымен қатар жеңіліне жүгіретініміз тағы бар. 50-60 мың теңге айлыққа «күзет» деген жазуы бар форманы киіп жүруден арланбаймыз», делінген материалда.