«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым ми­нистр­лігінің тапсырысымен 2018 жылдан бері жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасуы жайында зерттеу жүргізіп келеді. Зерттеу басталған жылы түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған. Бұл туралы Айқын газетінің сайтындағы «NEET-жастардың қатары көп» мақаласында жазылған.

«68 жоғары оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасуы 50%-дан төмен. 92 мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші орта есеппен 67,4%. Тү­лек­­тердің жұмысқа орналаса алмауы­ның басты себебі жұ­мыс берушілердің жас мамандарды даярлау сапасына қанағаттан­бауы­нан», – деп көрсетеді сарапшылар.

2020 жылы да осы жағдай қай­таланды, зерттеушілердің пайымынша, жұмыс берушілердің түлектердің білім, білігіне көңілі толмайды. Өзі тәжірибесіз, оның үстіне, білімі таяз болса, ондай жас­ты жұмысқа кім ала­ды? Мұндайда «Жастар тә­жірибесі» немесе «Ал­ғаш­қы жұмыс орны» ең тиімдісі сияқ­ты. Мамандық бойынша жұ­мыс істеп, аз-кем тәжірибе жинақ­тайды. Еңбегінің ақысын да алады. Алайда, тәжірибе уақыты аяқталған соң тұрақты жұ­мыс­қа қалуы екіталай. Олай дейтініміз, аталған бағдар­ламалар жарты жылға ғана есептелген. Одан кейін жұмыс берушіде бос жұмыс орны болса жақ­сы, болмаса, қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылады.

Бағдарламалар жастар үшін тартымды бола түсер. Дегенмен  таңер­теңнен кешке дейін бір ай отырып, 90 мың теңге тапқанша жеңіл жолмен көбірек тапқысы келетін жас та көбейді.

«Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов:

– Облыс жастарының 9,9%-ы NEET санатына жатады. Бұл қайта 2,1%-ға азайғаны. Ресми дерек бо­йынша аймақтағы 261 мың жастың 4,3%-ы жұмыссыз. Жұмыс бар негізі, бірақ көпшілігі ұсынған жұмысты істегісі келмейді. Кейбіреуі үйде отырып табыс табамын дейді, таксист болады, – дейді», делінген мақалада.