Домой Блог Страница 52

Ж.Түймебаев: ОҚО көкөніс пен жеміс-жидек отанына айналуы тиіс

750e363b-bdbf-40a3-9755-33eaa44d15b8Кеше облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев Қазығұрт ауданында болып, бірқатар кәсіпорындар мен шаруашылықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен, олар ауданның Шарапхана ауылдық округіндегі Индустриалды аймақта орналасқан «Lotus Food Company LLC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісімен және ауыл шаруашылығы саласына арналған биоорганикалық тыңайтқыштар шығаратын фабрика жұмысымен танысты. Жобалық құны 472 млн. теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 620 мыңнан аса қаптама әзірлеуге қауқарлы. Өнімді Республика аумағының барлық қалаларына өткізу жоспарда бар. Күнделікті тұрмыста жоғары сұранысқа ие, тез дайындалатын өнімдер шығаратын кәсіпорын 48 адамды жұмыспен қамтуда.

Қазіргі таңда аудандағы индустриалдық аймақта 5,8 млрд. теңгелік 7 жоба мақұлданып, осы жылы жалпы сомасы 722,7 млн.теңгелік 2 жоба Индустрияландыру картасына енгізіліді. Олар «Отырабат Құрылысы» ЖШС-ның құны 120 млн. теңгелік газоблок өндірісі мен «Асыл Бастау КZ» ЖШС-нің құны 602,7 млн. теңге болатын майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май өндіру жобалары.

Мұнан соң, облыс әкімі бастаған делегаттар Қызылқия ауыл округіндегі 500 гектардан астам жерге қарқынды бау шаруашылығын дамытып отырған «Аманкелді» ЖШС-нің жұмысын аралап көрді. Алма, алхоры, шабдалы, шие, жүзім жеміс-жидектерін өсіретін серіктестік өнімдерін Қазақстан аумағынан бөлек, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан Республикаларына шығаруда. Сондай-ақ, олар мұндағы жеміс-жидектер мен көкөністерді сақтайтын сыйымдылығы 2 мың тонналық қойманы және тұқым бағында өндірілетін алма мен жүзім көшеттерін көрді.

Сапар барысында шаруалардың жұмысымен танысқан өңір басшысы тұқымбақтағы өндірілетін көшеттерді кеңінен насихаттап, өзге де аудандарға ұсынуды тапсырды. «Елбасы Оңтүстікке жасаған бір жұмыс сапарында облыстың көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар деген болатын. Осы мүмкіндікті барынша қолдану үшін барлық аудан, қалалап аталған серіктестіктен тәжірибе алып, бау-бақша шаруашылығын дамытуымыз керек»,-деді әкім.

Өз кезегінде Ерболат Досаев шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қашанда қолдау көрсетілетінін айтып, облыстағы өндірілетін өнімдерді өзге де өңірлерге кеңінен таныстыру қажеттігіне тоқталды. Осы күні делегаттар 326 оқушы білім алатын Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл оқу орнында білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектептің жанында 300 орындық жатақхана да бар.

Айта кетейік, бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев бастаған «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарма Төрағасы Б.Жақсыбаев, «Қазақстанның даму банкі» АҚ Басқарма Төрағасы Б. Жәмішев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма Төрағасы А. Жұмағұлов, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Е. Айталиев сынды бірқатар холдингтің еншілес компания басшылары келген болатын. Сапары барысында олар өңірдегі тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша жиын өткізіп, қаладағы салынып жатқан тұрын үй құрылысымен және Шымкенттегі бірқатар кәсіпорындар жұмысымен танысты.

Төлебиде лимон өсіру шаруашылығы дамып келеді

600_154Үндістан, Үнді Қытай, Оңтүстік Қытайда өсірілетін цитрусты жеміс — лимонды баптауды төлебилік шаруалар да меңгеріп келеді, деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі. Алғашында жүрексініп жүрген азаматтар ерекше жеміс түрін жылыжайларға егіп көріп, бүгінде төккен терінің нәтижесін көре бастады.

Лимон баптаудың тәсілдерін меңгерген жергілікті азамат Юрий Пак Көксәйек елді мекенінде көлемі 0,07 га  жылыжайда лимон өсіруді қолға алған. Мұнда 400-ге жуық лимон көшеті отырғызылды. Шаруаның үміті ақталып, алғашқы өнім шыға бастаған соң, оны кәсіпке айналдыру идеясы өздігінен туындады.

Нақтырақ айтқанда, үш жыл бұрын егілген көшеттер биыл-ақ алғашқы нышандарын көрсете бастады. Кәсіпкер Юрий Алексеевич өз қаражатына салған бұл лимонарийдегі цитрусті жемісті баптау үшін асқан төзімділік қажет екенін айтады. Осыған қарап, өзге де банан, киви сияқты тропикалық жемістерді еш қорықпастан жылыжайларда өсіруге болатын сияқты дейді ол.

Биіктігі 3-6 метрге жететін лимон жемісінің биіктігі үй жағдайында 2 метрге дейін жетеді. Баяу өсіп, алғашқы жемісін 6-10 жылда бере бастайтын лимон ағашы 60 жылға дейін өседі.

Әзірге, Төлебиде лимон өсіруді қолға алып, кәсіпке айналдырған азаматтар саусақпен санарлық. Мәселен, ондағы Кемеқалған ауылдық округіндегі «Нематулла» шаруа қожалығы да соңғы 3-4 жылдан бері 5,5 гектар жеріне қияр, қызанақтан бөлек, лимон өсіріп, оны ішкі нарықта саудалап жүр.

Жалпы, ауданда аталған кәсіп түріне қызығушылар жетерлік. Табысты кәсіптің көзін тапқандар болашақта одан әрі көбейеді деп күтілуде.

ОҚО-ға жұмыс сапарымен келген Е.Досаев өнеркәсіп орындарын аралады

bea955bb-53da-497e-b69b-21241199292eӨңір басшысы Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаевпен бірге, холдингтің еншілес компаниялары қаржыландырған бірқатар нысандарда болды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Жұмысшы топ, ең алдымен, «Асар» шағын ауданына барып, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің қолдауымен бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты. Бүгінгі таңда шағын ауданда 1496 пәтерден тұратын 5 қабатты 34 үйді 4 мердігер компания салуда. Өз кезегінде, басқарма төрағасы таныстырылған жұмыстарды оң бағалап, құрылысты сапалы әрі уақытылы істейтін мердігер мекемелерді қолдауға әрқашанда дайын екенін жеткізді.

Жұмыс сапары барысында Ерболат Асқарбекұлы «Оңтүстік» индустриалды аймағына барып, матор майлары мен майлау материалдарын өндіру зауытының құрылысы жобасын көрді. Басқарма төрағасы ондағы «Бәйтерек» АҚ-ның еншілес компаниялары қаржыландыратын жаңа жобалармен танысып, жұмысына қанық болды.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «БалТекстиль» кілем фабрикасы да Е.Досаевтың назарынан тыс қалған жоқ. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қолдау тауып, қаржыландырылған жоба 2014 жылы іске қосылып, кілем фабрикасымен 1722,6 мың ш.м. кілем мен кілем өнімдері дайындалған. Бүгінгі таңда мұнда 245 адам жұмыспен қамтылған.

Мұнан бөлек, жетекшілік «AzalaTextile» ЖШС-і тоқыма-тігін фабрикасының өндірісімен танысты. Аталған фабрика да холдинг тарапынан «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша қолдау алған. «AzalaTextile» ЖШС-нің ерекшелігі сол, мұнда қолданылатын шикізаттардың барлығы отандық. Бүгінгі таңда компанияның өнімдері Литва, Латвия, Италия мен Германия, Чехия, Ресей, Қытай мен Эстония сынды бірқатар мемлекеттерге экспортталады.

Сапар қорытындысы бойынша басқарма төрағасы аталған өнеркәсіп орындарында өндірілетін өнімдерді шетелдік нарыққа шығару қажеттігіне тоқталып, оны орталықтандыру мақсатында арнайы ғаламтордан сайт ашу керектігін айтты. Бұл өз кезегінде, шетелдік сатып алушыларға оңтайлы жағдай туғызбақ.

Сайрамда әлеуметтік сауда орталығы ашылды

sayrammmmСайрам ауданында ретсіз сауда орындарын жою мақсатында аудан орталығынан әлеуметтік сауда орталығы ашылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Көшелердің тазалығы мен көріктендіруді және ретсіз сауда орындарын жоюды қоюды мақсат еткен Сайрам ауданының әкімдігі бұл жұмыстар оң нәтижесін береді деп сенеді.

Осы ретте, Ақсу ауылының орталығы Абылайхан, Жібек-жолы көшелері бойларында орналасқан ретсіз сауда орындары бойынша, АІІ Басқармасының учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отырып мониторинг жүргізілді. Ескерту парақшалары мен буклеттер таратылды. Жұмысшы топ құрамы, аудан орталығындағы ретсіз сауда жасаушылардың уәждеріне байланысты, заңды жерлерде сауда жасау үшін тиісті жұмыстар жүргізді.

Нәтижесінде жеке кәсіпкердің есебінен «Әлеуметтік базардың» құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда аудан әкімінің басшылығымен аудан орталығындағы ретсіз саудамен айналысатын тұрғындар аталған сауда орталығына көшірілді.

Сонымен қатар, Сайрамда тұрақты түрде аудан әкімінің бастамасымен аудан тұрғындары және ауданға қарасты мекеме ұйымдары бірлесіп жалпы аудандық сенбіліктер өткізуде. Сенбілікте  көше бойлары мен жеке тұрғын үй маңайы және ғимарат алаңдары, ашық далалы жерлер тазалануда. Сонымен қатар, ауылдық округтерде әр сенбілік сайын ағаш көшеттері отырғызылуда.

Инновацияға басымдық беріледі

d81fd742f546dfef64284a92c6e8a83dЖуырда І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Заманауи сын-тегеуріндер мен қоғамның жаһандану жағдайында Қазақстандағы білім мен ғылымның инновациялық әлеуеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға отандық және Ресей, Қытай, Түркия елдерінің жетекші ЖОО-ларының өкілдері қатысты.

Қонақтар мен қатысушыларға ЖМУ ректоры, профессор Қуат Баймырзаев құттықтау сөз арнап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын барысында әртүрлі тақырыптағы 250 баяндама тыңдалды.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар мәдени байланыстарды нығайтып, тәжірибелерімен бөлісуге, білім саласының өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.

Алматы облысында «Жасыл ел» аясында 2 300-ге жуық жас жұмыспен қамтылды

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%beРеспубликалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының Алматы облыстық филиалы 12-ші маусымдық жұмысын үстіміздегі жылдың мамыр айында  бастаған болатын.

Жарты жыл көлемінде Алматы облысы бойынша «Жасыл ел» 2264 жасты жұмыспен қамтыды. Нақтырақ айтсақ, 800-ден астам студент, 1000-нан аса жұмыссыз қыз-жігіттер және көп балалы отбасынан шыққан 70 жас жұмыс істеген. Республика бойынша үш жыл қатарынан «Үздік штаб» мәртебесін иеленген облыстық «Жасыл елдің» биылғы жасақшыларының жалақысына 48 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген болатын.

— «Жасылелдіктер» облыс бойынша 400 гектардан астам аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, 2500-ге жуық ағаш отырғызып, биылғы маусымдық жұмыстарын ойдағыдай қорытындылап отыр. Сондай-ақ, жетісулық белсенді жастар әлеуметтік, идеологоиялық, спорттық- патриоттық тақырыптардағы «Ардагерді ардақтайық!», «Экодесант», «Велопатруль», «ZHASYL-EL UPGRADE», «Жақсылық жаса!», «Таза аула», «Антиграффити», «Отан- ағаш» секілді іс-шараларға да атсалысты, — деді Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Тимур Нұғманов.

АИТВ-ның алдын алу мақсатында жаңа жылжымалы сенім пункті ашылды

c-2Астаналық денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасы аясында қалалық Денсаулық сақтау басқармасы медициналық нысандардың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне даярлығын қамтамасыз ету мақсатында Астана қалалық ЖИТС орталығына заманауи жылжымалы сенім пунктін сатып алды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш жылжымалы сенім пункті Mercedes Sprinter автокөлігі базасында арнайы тапсырыс бойынша жиналған және барлық заманауи және қауіпсіздік талаптарына сәйкестелген. Автокөліктің жұмыс орындары эргономикалық көрсеткіштерге, қауіпті топ өкілдерімен жұмыс істеу кезінде АИТВ-инфекциясын жұқтыру қауіпін сейілту ерекшеліктеріне сай жабдықталған. Автокөлік құрылымы екі маманның бір мезгілде қабылдау жүргізуіне және АИТВ-инфекциясына жедел тестілеу жүргізуіне мүмкіндік береді, сондай-ақ, жұмыс орындары жалпы және жергілікті жарықпен, бактерицидтік шаммен жабдықталған, қол жууға мүмкіндік қарастырылған, қысқы уақытта ауаны жылытатын, ал жазғы кезеңде ауаны салқындататын жүйемен жабдықталған, салонның ішкі беттері оңай залалсыздандырылады.

Заманауи жылжымалы сенім пункті АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары қауіпті топтар – инъекциялық есірткі тұтынушылары арасында алдын алу шараларының тиімділігін және орталық қызметіне қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді. Әр адам мұнда шприцтер, мүшеқаптар және ақпараттық білім материалдарын алуына болады, мамандар әрбір келушіге АИТВ-ның алдын алу шараларын және жұқтыру қаупін азайту туралы жеке кеңестер, уақытында АИТВ-ға тестіден өту маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері орталықтың профилактикалық  көмегімен 3095 инъекциялық есірткі тұтынушысы қамтылды.

Қызметкерлер жол кестесін өздері анықтайды. Жұмыс уақыты: ИЕТ үшін күн сайын сағат 10.00-дан 13.00-ге дейін.

Елордада Еркінбек және Алмагүл Есімовтердің жеке көрмесі өтеді

c-13 қарашада «Астана» ұлттық сурет галереясында Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшелері – мүсінші Есімов Еркінбек пен суретші Есімова Алмагул, Астана қаласы суретшілер отбасының жеке көрмесі ашылады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына арналған «Өнердегі қос қанат» экспозициясында қыштан жасалған бұйымдар мен мүсіндік топтамалар, кескіндеме туындылар қойылады.

Қос дарынның еңбектері тек қана Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де көпшілік назарына ұсынылып жүр. Кескіндеме мен мүсін бойынша жасаған туындылар ҚР ведомстволық және үкіметтік мекемелерінде және АҚШ, Жапония, Түркия, ҚХР, Германия, Ресейдің жеке топтамаларында да бар.

Қазақстандық көркем суретшілер есімдері «Қазақстан өнері» энциклопедиясы «Көркем сурет» бөліміне енген. Көрме 7 қарашаға дейін жалғасады.

Мектеп демалысы кезінде елордалық мәдениет мекемелері оқушыларға арнап ерекше бағдарлама әзірлеп отыр

cМектеп демалысы кезінде елордалық мәдениет мекемелері оқушыларға арнап ерекше бағдарлама әзірлеп отыр. Астаналық цирк, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, сондай-ақ, Астана қаласының Қуыршақ театры каникулға орай өз репертуарларын түзетті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры 5 қарашада сағат 18:00-де оқушыларды қазақ халқының батырлар жыры — «Алпамыс» эпосының желісімен қойылған «Дала аңызы» әфсанасының премьерасына шақырады. Батырлық эпос қазақстандықтардың жас буынын патриоттық тәрбиелеу және Отанын қорғауға дайындық мақсатында репертуарға енгізілді. Қойылымды 6 қарашада сағат 18:00 де тамашалауға болады.

Сондай-ақ, 6 қарашада сағат 11:00-де театрда С. Астраханцевтың «Братец Лис и Братец Кролик» ертегісінің қойылымы өтеді.

5-6 қарашада сағат 12:00-де және 14:00-де Астана қаласының Қуыршақ театрында (Республика даңғ., 3) балет жанрындағы «Менің салған суретім» («Это я нарисовал») спектаклі көрсетіледі. Қойылымда жер бетіндегі тірі жандардың пайда болуы туралы әңгімеленеді.

ОҚО-да тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлікті дамыту жайы қаралды

dosaevБүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаевтың қатысуымен өңірдегі тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша жиын өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Басқосуды ашып берген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасының облыс орталығы – Шымкентті еліміздің үшінші мегаполисіне айналдыру туралы тапсырмасына орай, шаһардың бүгінгі таңда үлкен құрылыс алаңына айналғанын жеткізді. Бұл ретте, өңір басшысы мұндай ауқымды істердің сәтті атқарылуына мемлекет пен бизнестің жүйелі ара-қатынасы, оның ішінде, «Бәйтерек» холдингінің үлесі орасан екенін айтты.

Мәселен, облысымызда «Бәйтерек девелопмент» арқылы былтыр көпқабатты 36 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1 572 отбасы тұрғын үймен қамтамысыз етілген. Ал биыл көлемі шамамен 93 мың шаршы метр болатын 1 496 пәтерлі 34 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.

Өз кезегінде, сөз алған Е.Досаев Оңтүстік өңіріндегі тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлік салаларын  дамытып, қолдауға дайын екенін жеткізді.

«Үкіметтің негізгі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларын жүзеге асыруда қаржылық операторы болып табылатын «Бәйтерек» холдингі ҚР Мемлекеттік индустриалды-иннновациялық даму бағдарламасы аясында 2020 жылға дейінгі индустриалды жобаларды қаржыландырып, Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының тұрғын үй құрылысы жұмыстарына қатысады. Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді», — деді басқарма төрағасы.

Еске салайық, еліміздегі әрбір бесінші бала Оңтүстік Қазақстан облысында туылатынын ескерсек, үй кезегінде тұратын азаматтардың саны көп болатыны анық. Яғни, бүгінде өңірімізде 43 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұрса, бұл көрсеткіш бойынша аймағымыз Астанадан кейінгі екінші орында.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі өңірдегі кәсіпорындардың дамуына септігін тигізген «Бәйтерек» холдингінің басшылығына алғысын білдіріп, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруда, оның ішінде тоқыма кластерін дамытуда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Жиын соңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қорының арасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ортақ меморандум түзілді. Сондай-ақ, жобаларды қаржыландыруға әзірлеу аясында «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС-мен меморандумға қол қойылды.