Домой Блог Страница 53

Бос қалған мәслихат депутаттарының орнына жаңа халық қалаулылары келді

img_9359Биыл 30 қазанда еліміздің 10 өңірінде бос қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Солардың бірі – Алматы облысында сайлаушылар Іле, Көксу, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласындағы 29 сайлау учаскелерінде дауыс берді. Аумақтық және округтік сайлау комиссияларына сайлаушылар немесе кандидаттар тарапынан шағымдар мен өтініштер  түскен жоқ. Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов мәлімдеді.

Облыс тұрғындары әдеттегідей үлкен белсенділік танытып, келген сайлаушылардың жалпы саны 27812 адамды немесе 88,1 пайызды құраған. Бос қалған мәслихат депутаттарының орнына барлығы 9 үміткер (3 кандидат «Нұр Отан» партиясынан, 6-уы — өзін-өзі ұсынғандар) ұсынылған         болатын. Олардың бәрінің осы орындарға лайықтылығы тексеріліп, тіркелген.

Сайлау қорытындысы бойынша №41 Жетіген округтік сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес Алматы облыстық мәслихат депутаты болып Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаев; №2 Измайлов округтік сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес Көксу аудандық мәслихатының депутаты болып Маман Қаманұлы Қаблисанов; №10 Қарашеңгел округтік сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты болып Қайнар Жұмағожаұлы Жұмағожа сайланды.

Алматы облысының «Dolce» зауыты жылына 25 млн. медициналық бұйымдар шығаруға қауқарлы

img_6546Іле ауданының Ынтымақ ауылынан орын тепкен «Dolce-Pharm» ЖШС Қазақстандағы медицинаға аса қажетті бұйымдар шығаратын іргелі кәсіпорындардың бірінен саналады. Олай деуге толық негіз бар. Себебі, зауыт жылына 25 млн. медициналық бұйымдар шығаруға қауқарлы.

Бұл жобаның жалпы құны 1 314 млн. теңге. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі Іле ауданына ұйымдастырған көшпелі брифингте журналистерге зауыт президенті Рауль Ялымов баяндап берді.

«Dolce» және «Dolce-Pharm» фармацевтикалық өндірістік-коммерциялық компаниялары 1998 жылы біріккен болатын. Бүгінде олардың атағы қолғап, маска, бахила және тағы басқа да, медицинада бір рет қолданылатын бұйымдармен танымал.

2010 жылы ISO 9001:2008 сапа менеджменті жүйесіне, ал 2011 жылы медициналық бұйымдардың халықаралық  ISO 13485 сапасына қол жеткізген кәсіпорында 600-ге жуық адам еңбек етеді. Зауыттың көкжиегі кең деп отыр мамандар. Олар шығаратын өнімдерімен болашақта өз елімізді 90 процентке қамтамасыз етуді көздейді.

Тәуелсіз Қазақстанның ішкі сұраныстарын қанағаттандырып отырған, сондай-ақ, республикалық индустриализация картасына енген «Dolce-Pharm» ЖШС өз бұйымдарын  Орталық Азия және ТМД елдеріне экспорттауға әзірлік үстінде.

ОҚО әкімі қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған ТЖД қызметкерінің туыстарына баспана кілтін табыстады

600_152Бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев ОҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы болған Жомарт Сарсенбековтың отбасына жаңа үйдің кілтін табыстады, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Марқұмның шаңырағында болған кездесуде аймақ басшысы төтенше жағдай қызметкерінің бұл әрекетін ерлікке балап, жаңа үйге көрімдік ретінде тұрмыстық техникалар сыйлады. Ж.Қансейітұлы Ж.Сәрсенбековтың артында қалған жұбайы Ұлжанға ендігі кезекте бекем болып, ұл-қыздарын жетілдіруде қайсар да қайратты болуы қажеттігін жеткізді.
Кәсіпкер демеушілер мен төтенше жағдай қызметкерлері сынды қайырымды азаматтардың атсалысуымен тұрғызылған үй бес бөлмелі. Қабырғалары күйген кірпіштен тұрғызылып, есік, терезелері сапалы материалдардан жасалған баспананың шатыры черепицамен жабылған. Сондай-ақ, онда дербес жылыту қазандығы орнатылған және ыстық сумен жабдықталған. Жалпы құны 11 млн. теңге болатын үйдің құрылыс жұмыстарына 2,5 ай (15 тамыз-30 қазан) уақыт кетіпті.
Еске салайық, осы жылдың 30 мамырында Төлеби ауданының Сайрам-Өгем тау жотасындағы «Ақмешіт» тау шатқалында ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің бас құтқарушысы болған жерлесіміз — Сарсенбеков Жомарт Орынбасарұлы құтқару жұмыстарын жүргізу барысында биіктігі 100 м  шамасындағы жартасты тік жардан құлап кетіп, мерт болған болатын.
Сайрам ауданы, Құтарыс ауылында 1973 жылы дүниеге келген марқұмның артында жұбайы мен 5 ұл-қызы қалды.

Есіл өзені мен Ақбұлақтың бойына ескерту тақтайшалары орнатылды

Есіл өзені мен Ақбұлақтың бойына «Мұзға шығуға тыйым салынған! Өмірге қауіпті!» тақтайшалары орнатылды. Құтқарушылардың айтуынша, алғашқы суық түскенде түзілген мұз өте жұқа болады. Оның қалыңдығы небары 47 см құрайды, бір адам үшін қауіпсіз болатын мұздың қалыңдығы 7 см-ден кем емес, ал топ үшін 1215 см болуы керек.

Су бетіне мұз қата салысымен бірінші болып коньки мен шана тебуге асыққан балалар мен жасөспірімдер өзенге жүгіреді. Жұқа мұздың үстімен жүрудің аса қауіпті екендігін құтқарушылар жақсы біледі. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін елордалық ТЖ қызметі тәулік бойғы режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мұнарадан бақылау жүргізіліп, жағалау сызығы шолынады, қаладағы су тоғандарындағы мұз қабатына мониторинг жүргізіледі. Қазір арнайы жасаққа 76 құтқарушы тартылған, үйретілген иттер де көмекке келуге дайын.

«Соңғы үш жылда мұз қатуға қатысты қайғылы оқиғалар тіркелген жоқ. Біз ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Ұйымдар мен кәсіпорындарға, оқу мекемелеріне үш мыңға жуық материал тараттық. Күн сайын бірнеше адамға — балықшыларға, балаларға ескертеміз. Коньки теуіп жүрген ұлдарды көруге болады. Олар бізді көре сала қашып кетеді де, кейін өзенге қайтып келеді. Биыл өзенге мұз қату мектеп демалысымен сәйкес келді, сол себепті ата-аналардан балаларына қарайлап, оларды өзенге жібермеуді сұраймыз», — деп мәлім етті Астана қ. Орталық өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Бейсенбай Жексенов.

Сондай-ақ, ол мұз астына құлаған кезде ереже сақтаудың маңыздылығын атап көрсетті. Оның айтуынша, ең бастысы үрейленбей, көмекке шақыру керек. Жүкті, жолдорбаны бір иыққа асу керек, ал ең жақсысы оны мұздың үстіне салып, сүйрету. Шұғыл қимылдамаған дұрыс. Мұз үстіне екі қолдың арасын кең ашып, құлаған жаққа қарай шығу керек.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, жылы ауа райы қарашаның үшінші онкүндігіне дейін сақталады. Содан кейін ауа температурасы төмендеуі мүмкін.

Астанада 400-ден аса азамат бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің арқасында жұмыс тапты

c-3Елорданың Жұмыспен қамту орталығы өткізетін бос орындар жәрмеңкелері әр жастағы түрлі мамандық иелеріне жұмыс табуға көмектеседі, жәрмеңкеде көптеген мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Мысалы, жыл басынан бері 400-ден аса жұмыс іздеуші жұмыс тапқан. Олардың арасында біздің кейіпкерлер де бар.

Астана тұрғыны Гүлжан Татиева қазір «051» қызметінде есеп үстелінің бухгалтері болып еңбек етеді. Ол елордаға отбасымен бірге Павлодардан көшіп келген.

«Өміріміздегі бір жағдайға байланысты елордаға көшуге тура келді. Бұл жерде мен бос орындар жәрмеңкесінде бухгалтердің жұмысын таптым. Менің тәжірибемді ескере отырып, бірден мемлекеттік кәсіпорыннан жұмыс ұсынды, әңгімелесуден сәтті өттім, іріктеуге көп адам қатысты», — дейді Гүлжан.

Бухгалтердің жалпы жұмыс өтілі — 20 жылға жуық. Оның айтуынша, жаңа орында оны жақсы қабылдаған, ұжым өте тату.

«Маған бұл жұмыс өте ұнайды, қазір есеп үстелінің бухгалтері болып жұмыс істеймін. Біздің «051» қызметі Астана халқына кез-келген жағдай бойынша көмектеседі. Өз жұмысыма жауапкершілікпен қарау арқылы халыққа аз да болса, көмегім тиетініне қатты қуанамын», — дейді бухгалтер.

Елордада сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де өтеді. Астана тұрғыны Баян Оспанованың үшінші дәрежелі мүгедектігі бар, ол — Мемлекеттік мұрағат қызметкері. Әр уақытта әйел мұғалім, түрлі мемлекеттік құрылымдарда аудармашы болып жұмыс істеген.

«2013 жылы көзім нашарлай бастады, сол себепті мемлекеттік қызметтен кетіп, операциядан кейін бір жыл үйде отырдым, содан соң бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің арқасында жұмыс таптым. Мұндай жұмыс компьютердің алдында көп отыруды талап етпейді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтып отырғаны үшін әкімдікке, елімізге алғыс айтамын», — дейді Баян Оспанова.

Жалпы, жыл басынан бері жұмыссыз азаматтарға арналған 11 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.

Созақта 80 орындық балабақша ел игілігіне берілді

600_153Созақ ауданының Сызған ауылы округіне қарасты, Қайнар елді мекенінде 80 орындық жеке меншік балабақша ашылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп отырған «Ерасыл» балабақшасының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі М. Исаев:

— Биылғы жылы аудан бойынша 6 балабақша аштық, міне, 7 балабақша ел игілігіне беріліп отыр, жыл соңына дейін тағы бірнеше балабақша ашамыз. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырғандығымызды айта кету керек, — деп барша Қайнар елді мекенінің тұрғындарын құттықтады.

Аудандық мәслихаттың депутаты Г. Момбекова жерлестерін жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, жеке кәсіпкер Б. Алғазиевке алғысын айтты. Сондай-ақ, ауыл қариясы Ж. Жотабаев бата беріп, балабақша іші балалар күлкісіне толсын деген жүрекжарды лебізін білдірді.

«Балапан» бағдарламасы аясында ашылып отырған «Ерасыл» балабақшасында қазіргі таңда 6 адам жұмыспен қамтылды.

-Мектепке дейінгі білім беру ісінде мол тәжірибесі бар әдіскер және тәрбиеші, күтуші, медбике, аспазшы секілді қызметкерлер өз қызметтеріне кірісті. Жауапкершілігі мол, белсенділі, елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамтуға тырыстым, — дейді жеке кәсіпкер Б. Алғазиев.

Алдағы уақыттары 3 топ ашылып 22 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. 315 шаршы метр ғимарат ішінде, балдардың демалыс бөлмесі, оқу және ойын бөлмелері, сондай-ақ, медбике кабинетімен асханасы бар.

Шымкентте облыстық жастар форумы өтті

d8aa5512-5a71-4e35-86fc-15a80f024efaБүгін Шымкент қаласында  «Болашағы жарқын Оңтүстік жастары» өңірлік жастар форумы өтті. Шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев, аудан, қала «Жастар ресурстық орталықтарының» жетекшілері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастар комитеттері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаттары, республикалық, облыстық жастар ұйымдары мен  облыстағы белсенді жастар және БАҚ өкілдері, барлығы 400-ге жуық азамат қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Жастар форумының жұмысына сәттілік тілеген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев  кез келген мемлекеттің дамуы мен экономикасының өсуі жастардың қатысуынсыз  мүмкін еместігін айтып, болашағымыз  жастардың қолында екенін жеткізді.

Облыстық жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған форумда еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы мен ауыл жастарын бизнеске тарту, жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Жиын барысында осы жылдың 1 желтоқсан күні Астана қаласында өтетін республикалық жастар форумына Оңтүстік Қазақстан облысынан 102 делегаттың баратыны анықталды. Сонымен қатар, жылдың үздік сала мамандары облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, үндеу жарияланды.

Кездесу соңында жастар әкімге кәсіпкерлікпен шұғылдануға қолдау көрсету, шетелдік оқу орындарына грант бөлу, мемлекеттік қызметте сатылай өсу сынды бірқатар сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде өскелең ұрпақтың болашағы үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жасалынып, келешегіміз — жастардың болашағына инвестиция салынып жатқанын айтты. Бос уақытты тиімді өткізу керектігін айтқан әкім жастарды спортпен айналысуға және егемендігіміздің 25 жылдық мерейтой құрметіне әрбір жасты бір түп ағаш отырғызуға шақырды. Сондай-ақ, мұндай маңызды басқосуларды жылына екі рет ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.

Айта кетейік, бүгінде облыстағы жастар саны 800 мыңға жуық азаматты құрайды. Бұл өз кезегінде республикамыздың кейбір облыстарының жалпы халқының санынан да жоғары екенін көрсетеді.  Ал облыстағы 12 жоғары және 91 орта арнаулы оқу орындарында жалпы саны 138 мың студент білім алуда. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатында 23 мың жастар мүшесі бар.

Әлеуметтік тақырыптағы сурет байқауына 18 адам қатысады

astana2-bigЕлордада әлеуметтік тақырыптағы сурет байқауына өтініш қабылдау аяқталды. Шығармашылық конкурсқа 18 өтініш түсіп, 25 сурет ұсынылған, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қатысушылар А3 форматында және графикалық үлгіде орындалған жұмыстарына түрлі тақырыптарды арқау еткен, соның ішінде, ұлттық мәдениетті қолдау, отансүйгіштікті насихаттау, денсаулық сқатау және білім беру мәселелері және т.б. бар. Конкурсанттарға қойылған тағы бір талап жұмыстарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге арналған элементтерді пайдалану болды.

Байқауға Астанада тұратын, білім алатын немесе жұмыс істейтін адамдар қатысады. Ең жас суретшінің жасы  9-да болса, ең ересегі – 25-те.

Жеңімпаздарды арнайы комиссияның мүшелері іріктейді, олар бір апта бойы үздік жұмыстарды таңдайтын болады.

Байқау қорытындысы 7 қарашада шығарылып, біздің сайтта жарияланады. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі, ал ең үздік жұмыстар аталған тақырыптар бойынша жарнамалық конструкцияларды дайындауда пайдаланылып, қала көшелеріне орналастырылады.

Елордалық жұмыс берушілер үшін мүгедектерге арналған жұмыс орындарының квотасы белгіленді

cАстана қаласының әкімдігі жұмыс берушілер үшін мүгедектерге арналған жұмыс орындарының квотасын анықтауды қаулы етті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қалалық билік елордалық жұмыс берушілер үшін мүгедектерге арналған жұмыс орындарына квоталар белгілеуді қаулы етті. Бұл туралы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мәлім болды. Отырыс барысында 5 нормативтік құқықтық актінің жобасы қаралды. «Астана қаласындағы жұмыс орындарының квоталарын белгілеу туралы» жобасы жайлы Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Олжас Омар баяндама жасады. Қаулы жобасымен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс орнымен қамтамасыз ету қарастырылған. Егер ұжым құрамында елу және одан да көп адам есепте болса, онда мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 2%-ды құрауы қажет. 101-ден 250 адамға дейін — жұмысшылардың тізімдік санының 3%-ы мөлшерінде, егер кәсіпорын ұжымы 251 адамнан жоғарыны құраған жағдайда, мүгедектерге арналған жұмыс квотасы жұмысшылар санының 4%-ын құрайды.

Сонымен қатар, жобада астаналық жұмыс берушілерге жұмыс орындарын ұсыну қажет болатын тұлғалардың санаты көрсетілді. Олардың арасында бас бостандығынан айыру орындарынан босаған пробация қызметінің есебінде тұратын адамдар да бар. Жұмыс квотасы жұмыс орнының жалпы санының 1% мөлшерінде белгіленді. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі көрсетілді. Кәсіпорын басшылары білім беру ұйымдарының бітірушілері болып табылатын, ата-анасынан айрылған немесе кәмелеттік жасқа жеткенше олардың қамқорлығынсыз қалған жастар арасынан азаматтарды жұмыспен қамту үшін жұмыс орнының жалпы санының бір пайызы мөлшерінде жұмыс орындарының квотасын белгілеу қажет.

Астанадан еліміздің өңірлеріне «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы жолға шығады

c-22016 жылғы 1 қарашада Астана қаласының теміржол вокзалында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» республикалық акциясы бастау алады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Акция аясында түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылып, медициналық, әлеуметтік, құқықтық көмектер көрсету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім және тағы басқа салалар бойынша консультациялық кеңестер беріледі.

Акция 14 желтоқсанда аяқталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, пойыз 35 елді мекенге тоқтайды.