Домой Жаңалықтар Спорт Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда

Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда

0
Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда

Рио Олимпиадасының тоғызыншы күні бокстан 81 келі салмақ дәрежесінде ширек финалдық бәсеке өтті. Бұл салмақта ел намысын қорғаған Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов қарсыласы әзербайжандық Теймур Мамедовты 3:0 (30:27; 30:27; 30:27) есебімен айқын басымдылықпен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда

Теймур Мамедов 91 келіге дейінгі салмақта Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесіне ие болған. Алайда Әділбек әзербайжандық боксшыға айласын асыруға мүмкіндік бермеді, үш раундта да тізгінді өз қолында ұстады. Осылайша Әділбек жартылай финалға өтті.

Еске сала кетсек, Олимпиаданың алғашқы күні 60 келіге дейінгі салмақта Берік Әбдірахманов жарыстан шығып қалса, 49 келідегі Біржан Жақыпов ширек финалдық кездесуінде бүгін ғана жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған Хасанбой Дусматовқа жол берген еді. Ал 64 келіде сынға түскен жас боксшымыз Абылайхан Жүсіпов алғашқы кездесуінде Пэт Маккормакқа есе жіберген болатын. Бүгін кешкі сессияда 56 келіде жұдырықтасқан Қайрат Ералиев өзбек Муроджон Ахмадалиевтен 0:3 есебімен жеңілді. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы сапынан 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит финалға өтсе, 69 келіге дейінгі салмақта Данияр Елеусінов жартылай финалға жолдама алды. Бүгін бұл тізімге Даниярдан кейін Әділбек қосылды.

Әділбектің жартылай финалдағы қарсыласы — ұлыбританиялық Джошуа Буатси. Тартысты бәсеке 17 тамыз күні түнгі сағат 3:30 шамасында өтеді.

Назерке Абибулла

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here