Бразилия астанасы Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарының оныншы күнінде 105 келі салмақта қазақстандық ауыр атлет Александр Зайчиков қола медальға ие болды. Алғашқы жаттығуында үш мүмкіндігін де сәтті пайдаланған ол жұлқа көтеру сайысын 193 келімен аяқтады. Ал қарсыластары қос өзбекстандық атлет Иван Ефремов — 194 келі, Руслан Нуридинов — 194 келіні көтеріп, нәтижесінде бірінші және екінші орынға жайғасты.
Серпе көтеру сыны біз ойлағаннан да шиеленіске толы болды. Бұл жаттығуда бірінші 223 келіні көтерген Александр келесі мүмкіндігінде 227 келіге тапсырыс бергенмен көтере алмады. Ал үшінші мүмкіндігінде 227 келіні басынан асырғанымен,төрешілердің шешімімен бұл салмақ есепке алынбады. Осылайша, отандасымыз қос сайыс нәтижесінде 416 келімен қола медальға ие болды. Бұл кезде серпе көтеру сыны бойынша 237 келіні көтерген өзбек Руслан Нуридинов топтан қара үзіп кеткен еді. Екі жаттығудың нәтижесінде 431 келілік зілтемірді көтерген ол Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, олимпиада рекордын орнатты. Армениялық Симон Мартиросян 227 келіні еңсеру арқылы жалпы жарыс қорытындысы бойынша 417 келімен күміске қол жеткізді.
Олимпиаданың оныншы күні қазақстандықтар үшін табысты болды. Бокстан 91 келіге дейінгі салмақта финалдық бәсекеде Василий Левит күміс алса, ауыр атлетикадан Александр Зайчиков қоланы еншіледі. Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы Рио Олимпиадасын 1 алтын, 1 күміс, 3 қоламен аяқтады.
Назерке Абибулла