Спортшылардың олимпиададағы жеңісі әрқашан да өскелең ұрпаққа үлгі болып, оларға шабыт береді. 1 қыркүйекте жалпы білім беру мекемелерінде ғана емес, спорт мектептерінде де жаңа оқу жылы басталады. Қазірдің өзінде балалар түрлі секцияларға жазылып жатыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, елордада 6 мен 18 жас аралығындағы 130 мыңға жуық бала тұрады. Соның ішінде 25 мыңнан астамы спорт секцияларында жаттығады, 7 мыңға жуығы 18 жасқа дейін балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде оқиды. Тағы да 7 мыңға жуығы спорт клубтарына ауысты. Балалардың көбі мектептер мен аула клубтарының жанындағы спорт секцияларына барады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріндегі секциялар тегін.
Спорт мектептері спорттың түріне қарай балаларды тамыз айының ортасынан бастап қабылдайды, медициналық және басқа да критерийлер бойынша балалардың жасы түрленіп отырады. Олар білікті мамандардың іріктеуінен өтеді. Жаттықтырушылар ата-аналарға жас дарын өз қабілеттілігі мен талантын сәтті пайдалана алатын секцияны таңдауды ұсынады.
Балаларды хоккейге 5–6 жасынан, ал гимнастикаға қыздарды одан ертерек қабылдайды. Аталған спорт түрлері бірнеше жылдан бері ата-аналар арасында кеңінен танымал болып отыр. 10-12 жастағы балалар боксқа, 8-15 жастағылар футболға бара алады, 9-12 жастағылар баскетбол ойнайды, жүзуге 7-12 жастағы балалар келеді.
Бүгінде профильді пәні хоккей болып табылатын 10-шы спорт мектебінде 840 бала оқып жүр. Сонымен қатар, «Барыс» хоккей клубының жанында да балаларға арналған секциялар бар.
Қазіргі таңда қалада спорттың 76 түрі дамытылып жатыр, олардің міндеті, бірінші кезекте, жас ұрпақтың дене даярлығын дамыту, денсаулығы мен төзімділігін күшейту болып табылады.
Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмайды. «Қайсар» спорт клубында 411 адам жаттығады.
Бапкерлік құрам мен әдіскерлер үшін біліктілікті арттыру курстары өткізіледі, соның аясында олар спортпен айналысатын адамға пайдалы әрі қызықты болуы үшін жұмыстарды жетілдіру бойынша озық идеялармен танысады.
Жыл басынан бері Астанада 360 астам спорттық шара өткізілді, ойын спорт түрлерінен балалар лигалары, веложарыстар мен жеңіл атлетикалық жүгірулер ұйымдастырылады. Қазақстандық спортшылардың Бразилияда өткен олимпиадада сәтті өнер көрсетуі (17 медаль), шахматшы Динара Сәдуақасованың Үндістанда қыздар арасындағы әлем чемпионатындағы жеңісі жастардың спортқа бет бұруына септігін тигізеді.
Қалалық спорт ведомствосы мамандарының айтуынша, елордада тұрғындардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Спорттық инфрақұрылым артып, жылдан жылға жақсартылып, спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізуге және бұқаралық спортпен айналысуға негіз болуда. Астанада әлемдік деңгейдегі кең ауқымды жарыстар өткізіледі. Бұл ретте қала тұрғындарының нысандарға барып-тұруына баса көңіл бөлінеді. Спорт алаңдарымен жабдықталған аулалар саны ұлғайып келеді, мүлік заманға сай жетілдіріледі, шаңғы-роллерлік және велосипед жолдары салынды, тренажерлар орнатылды, триатлоннан жаңа заманауи база ашылды. Аулаларды абаттандыру бойынша бағдарлама барлық аудандарда одан әрі дамытылып, басқа да аумақтарды қамтитын болады.