Өткен демалыс күндері Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының мобильдік тобы «Встреча» дүкенінің жанында және көліктердің қосалқы бөлшектері сатылатын «Сәлем» базарында көшпелі ақпараттық жұмыстар жүргізді. Орталық өкілдері сауалнама өткізіп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасуға көмектесу тетіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Аталған аудан тұрғындары «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасына қатысу мәселелері, қайта даярлау және сұранысқа ие мамандық бойынша оқу, жастар практикасына қатысу, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналасу бойынша кеңес алды.
Айта кетейік, жақында Тілендиев даңғылындағы «Рахмет» және Ақжол көшесіндегі «Астықжан» сауда үйлерінде, сондай-ақ, «Аружан» сауда, ойын-сауық орталығында Жұмыспен қамту орталығының өкілдіктері өз жұмысын бастады.
Еске салайық, бұған дейін осындай орталықтар «Астаналық» базарының ғимаратында және «Гүлжан» СҮ ашылған болатын.