Бүгін Алматы облысындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынды құттықтау сөзбен облыс әкімі Амандық Баталов ашты.
Өз сөзінде А. Баталов Конституцияның қалыптасу тарихына, Ата Заңымыздың өңірді өркендетудегі рөліне тоқталып өтті.
— Қадірлі жетісулықтар! Сіздерді Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл – мемлекетіміз үшiн ерекше жыл, Тәуелсіз Қазақстанымыздың 25 жылдық мерейтойы.
Халықаралық қауымдастықта лайықты орын алған Қазақстан бүгінгі күні биік белеске көтерілді. Бұл орайда Ата Заңымыз мемлекетіміздің берік қалыптасуының басты кепілі ретінде қызмет етіп келеді, — деді облыс басшысы өз сөзінде.
Ұлт Көшбасшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, 5 институционалдық реформасын іске асыруда – Жетісу жерінде межелі міндеттерді кезең-кезеңімен шешу үшін нақты жұмыстар атқарылып жатқанын, бұл тарапта әрбір жетісулықтың еңбегі, лайықты үлесі бар екенін де атап өтіп, облыстың соңғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Сонымен қатар әлем елдерімен мәдени байланыстың нығая түскенін тілге тиек етті.
— Биыл Түркия мен Сербия елдерінде қазақ руханияты күндері салтанат құрып, жыр алыптары Сүйінбай мен Жамбыл ескерткіштері орнатылды. Осы жылы Семей сынақ аймағының біржола жабылғанына – 25 жыл толады. 1991 жылы 29 тамызда «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Осы орайда, Елбасының бастамасымен 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні болып белгіленді. Бұл біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды қадам болды, — деді А.Баталов. Сөзінің қорытындысында жетісулықтарға зор денсаулық, мызғымас бірлік, еңбекте табыс тіледі.
Бұдан кейін бірқатар азаматтарға облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар дәстүр бойынша мемлекеттік қызметке қабылданғандардың ант беру рәсімі орындалды.
Мерекелік шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылды.