
Бүгін Алматы қаласының «Астана» алаңында Алматы облысының барлық аудан, қалаларының және «Жетісу» ӘКК-нің қатысуымен кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Облыстың тауар өндірушілері сапалы әрі экологиялық таза өнімдерден 360 тонна азық-түлік саудалады.
Атап айтқанда, 63,5 тонна ет, 9,6 тонна балық, 12,5 тонна сүт пен сүт өнімдері, 62,4 тонна картоп, 86,7 тонна көкөніс, 36 тонна жеміс-жидек, сол сияқты күріш, жұмыртқа, қант, бал, шұбат, қымыз және басқа да тағамдар сауда сөрелерінен орын алды. Барлығы 180 млн. теңгеге азық-түліктің 50-ге тарта түрі жәрмеңкеге шығарылды.
Жалпы, жәрмеңке Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін дамыту мақсатында, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Қала тұрғындары тағамдардың жоғары сапалылығы мен нарық бағасынан төмен саудаланған құнына ризашылықтарын білдіруде.
Жәрмеңкеде облыс өнерпаздарының концерті ұсынылды.