
Алматы облысында кәсіпкерлердің дені мемлекеттік қолдау арқасында өндірісін кеңейтуге мүмкіндік алды.
Өңірдегі Қаратал ауданы ауыл шаруашылығы саласына бағытталған аймақтың қатарына жатады. Дегенмен бұл жерлерде өңдеуші сала қарқынды даму үстінде. Оған кәсіпкер Агафья Лидің қолға алған кәсібі жарқын мысал бола алады. Сонау 1998 жылы кәсібін автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер сатудан бастаған кәсіпкер ханым кейін кәсібін өрге домалатып, жартылай фабрикаттар, тәттілер мен нан-тоқаш дайындайтын цех ашты.
Ал таяуда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасының арқасында жеңілдікпен несие алып, «ЛАД» сауда маркалы бизнесін кеңейтті.
«Мемқолдау арқасында Халық банктен 6% мөлшерлемемен жеңілдікті несие ала алдық. Ол қаражатқа өндірісті кеңейтіп, жаңа ғимарат пен қосымша жабдық сатып алдық», — деп атап өтті Ли Агафья.
Қазір Үштөбе қаласындағы «Лад» дүкендер желісі аудан халқын сапалы әрі отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр.