Қараша айының 1 — 5 аралығында Степногорск қаласында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Степногорск қаласының әкімдігінің қолдауымен ХІІ Ұлттық Дельфий ойындары өтеді.
Мәдени шарада 10-29 жас аралығындағы 600-ге жуық қатысушы бақтарын сынайтын болады. Соған қатысты Степногорск қаласының әкімі Ануар Кумпекеев қатысушыларға сәттілік тілеп, ойынды өткізуге дайын екендіктерін жеткізді:
«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25-жылдығын мерекелеу қарсаңында еліміздегі маңызды мәдени форум — Он екінші Ұлттық дельфий және парадельфий ойындарының қаламызда өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе.
Қала тұрғындарын айшықты өнерлерімен баурап, ұмытылмас әсерге бөлей алатын қатысушылар мен ойын қонақтарын Степногорск лайықты қарсы алуға дайын деп сеніммен айта аламын. Степногорск қаласының өнер сахнасы жас таланттардың үлкен өнер жолындағы алғашқы баспалдағы болсын деп тілеймін!»