Астанада «Сиқырлы әуен» I Республикалық инструменталды байқауы өтті, шара Астана, Алматы, Көкшетау және Қостанай қалаларынан дарынды балалардың басын қосты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығармашылық байқау жас орындаушыларды музыка мәдениеті мен өнеріне баулуға, орындаушылық шеберліктерін шыңдауға, және шығармашылық қарым-қатынас ортасын құруға және рухани мұраны насихаттауға бағытталған.
Байқау екі номинация бойынша өтті: ұжымдар (оркестрлер, ансамбльдер), оған жеке орындаушылар да қатысты (домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, флейта, жетіген, прима-шертер және т.б.).
Байқау қатысушыларын бағалауға Қазақстан Республикасының белгілі өнер қайраткерлері шақырылды.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.