Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі құқық ғылымында аса маңызды орын алады. Себебі, кәмелетке толмағандардың қылмысының алдын алу өте қиын мәселелердің бірі. Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы, оларға жаза тағайындау, жасөспірімдерді қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату мәселелері сөз болды.
— Желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін неғұрлым гумандық жолдарды қарастыру еліміздің алдында тұрған үлкен мәселе. Ересек адамға қолданылатын шаралардан бөлек, жасөспірімдерге, арнайы субъект ретінде бөлек жаза түрлерін қарастыру жөн болар. Өйткені оларға қолданылатын шара жазалаушы сипатта емес, түзету, тәрбиелеу шаралары болуы керек. Сондықтан біз мектептермен, инспектор-психологтармен, сондай-ақ, «тәртібі төмен» балалардың ата-аналарымен үнемі тығыз қарым-қатынастамыз, — дейді Алматы облысының №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыткелді Тұрлыбеков.
Алматы облысының №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына үстіміздегі жылдың 10 айында барлығы 32 тұлғаға қатысты 22 қылмыстық іс түсіп, 19 қылмыстық іс сотта қаралған. Оның ішінде ауыр қылмыстар бойынша 7 іске үкім шығарылып, 2 бала темір торға тоғытылған. Сондай-ақ, 10 қылмыстық іс қысқартылған болса, оның 7-і медиациялық жолмен шешімін тапқан. Негізі, өрендер жасайтын қылмыстардың ішінде ұрлық-қарлық оқиғасы тиылмай тұрған көрінеді.