Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қырғызстан Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Алиясбек Алымкуловпен кездесті.
Тараптар басқосуда туысқан қазақ-қырғыз елінің бірлескен жобалар жайын талқылап, қос мемлекеттің алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өңір басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қырғызстан арасында сауда-саттық, экономикалық, мәдени сынды түрлі салалардағы байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы мәртебелі меймандарға екіжақты «бауырлас қала», «бауырлас облыс» құруды ұсынды. Облыс орталығы – Шымкентті жасыл қалаға айналдыру жоспарымен бөліскен облыс әкімі көршілес Қырғызстаннан сатып алынатын ағаш көшеттерінің санын болашақта көбейтуді көздеп отырғанын жеткізді.
Аймақ басшысы тарапынан болған ұсыныстарды оң бағалап, қолдаған бас консул Оңтүстікте жүрген қырғыз азаматтарының жағдайына назар аударып, олардың шекарадан өту тәртібін жеңілдетуде септігін тигізуді сұрады. Бұл өтінішке бей-жай қарамаған Ж.Түймебаев қырғыз азаматтарының құқықтарын қорғау үшін тиісті шаралардың жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ, қос тарап екі елдің ара қатынасын дамытуда жеңіл өнеркәсіп бағытын жандандыруға қызығушылық білдірді.
Айта кету қажет, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында қырғыз кәсіпкерлерінің қатысумен құрылған «FreeMark» ЖШС макарон өнімдерін өндіретін кәсіпорын жұмыс істейді. 2015 жылдан бастап макарон өнімдерін қазақстандық нарыққа шығарып келе жатқан серіктестік сағатына 500 келі өнім өндіруге қауқарлы.