Тұңғыш Президент күніне орай Іле ауданы Казцик ауылында өндірістік аймақта орналасқан «Айсберг -Алматы» логистикалық кешені ашылды. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев арнайы келіп қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еліміздегі сауда-сатықтың өркендеуіне тың серпін беретін жобаға кәсіпкер тарапынан игерілген қаржы да қомақты. 2014 жылдан бері нысанды салу мен жабдықтауға жұмсалған жалпы иевестиция көлемі 2 жарым миллиардтан асады. Ең маңыздысы азықтық өнімдерді -15 пен -25 градус аралығындағы темпратурада сақтай алады. Жаңаша үлгідегі қойманың сиымдылығы 120 мың текше метр. Мұндай ірі көлемді логистика облысымызда тұңғыш рет ашылып отыр,- дейді мамандар.
«Бұл кәсіпорынның көлемі өте үлкен тоңазытқыштары бар. Мұндай технология Алматы облысында жоқ. Бұл бірінші жоба болып есептеледі. Сонымен қатар Алматы қаласының іргесінде орналасқандықтан алып қаланы азық-түлікпен қамтамассыз етуде аса қажетті жоба болып есептеледі»,- дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Қоңырбаев.
Мұнда 130 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оларға бар жағдай жасалған. Жалпы, бұл кешен алып шаһардың іргесінде орналасқандықтан сапалы қызмет көрсете алады. Тіпті салқындатылған қоймаларды жалға беру жағы да қарастырылған. Сонымен қатар вагондарды ұсыну, отандық тоңазытқышта сақтау жұмыстарын да өз құзырларына алған.