Астанада Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала ұрпағы» атты Махамбеттің жас ұрпақтарының І Республикалық байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жобаға қатысу үшін Астана қаласынан, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан 7-16 жас аралығындағы 250 бала келді.
Байқау бес номинация бойынша өтуде: жас жазушылар номинациясы, жас театралдар номинациясы, мәнерлеп оқу номинациясы, аспап шығармашылық номинациясы, вокал номинациясы
Байқау барысында 25 алтын, 25 күміс, 25 қола медаль сарапқа салынады. Әр қатысушыға «Махамбеттің жас мұрагері» атты төсбелгісі мен диплом табыс етіледі.
Ақтөбедегі көптеген байқаудың жеңімпазы және жүлдегері Ақбота Бүркітбаева Астанаға алғаш рет келіп отыр. Ол жеңіске жетуден үмітті. Жас жазушылар номинациясында бақ сынайтын оның қарсыласы Талғат Сағдатов та жетістікке ұмтылады. 10-сынып оқушысы мектептегі байқауда жеңіске жеткен соң республикалық кезеңге өткен.
«Біз үш эссе жаздық. Өзіме «Қазақстанның жұлдызды қадамдары» тақырыбы ұнады. Мен шығармамда тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері, ЭКСПО көрмесін Астанада өткізу құқығы үшін күресте жеткен жеңісі туралы жаздым», — дейді ол.
Байқау екі күнге жалғасады. Бүгін қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтаса, ертең гала-концерт өтеді.