Жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қыс айларында күтіп ұстау жұмыстары облыстық әкімдікте өткен кеңесте талқыланды. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығы хабарлайды.
Өңірге қарасты автожолдардың жалпы ұзындығы 6 983,9 шақырым.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевтің айтуынша, 5090,7 шақырымға созылған жергілікті автожолдарды қыста күтіп ұстау үшін 305,7 млн. теңге бөлінген. Оларды тазалаумен 201 техникасы бар 31 кәсіпорын айналысады. Бүгінгі таңда көктайғаққа қарсы қолданылатын 2 424,5 тонна инерттік материалдар қоры жасақталды, 322,3 тонна дизельдік отын қоры дайын. Сондай-ақ, мердігер ұйымдар жол бойында қар ұстау шараларын жасауда. Алыс жолдарда автокөлік жүргізушілерінің және жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін боран-шашыннан қорғануға арналған 49 жылыту пункті дайын.
«Қазавтожол» мекемесінің облыстық филиалы Ақтөбе облысының аумағына кіретін 1 893,8 шақырым республкалық жолдар үшін жауапты. Олардың міндетіне кірген жолдардың күтіміне 457,6 млн. теңге қаражат бөлінген. Жыл соңына дейін автопарк қар тазалайтын 13 арнайы техникамен толығады. Боран күндері алыс жолдарда көлік кептелісін болдырмас үшін, жүк көліктері үшін Самара-Шымкент автожолында 3 тұрақ алаңы жасақталған. Күн райы ашылғанға дейін борандарда көлік жүргізушілері сол алаңдарда тұрақтай алады.
Кеңес қорытындысы бойынша, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты мекемелер басшыларына және мердігер компаниялар басшыларына жолдарды күтіп ұстау, қардан тазалау жұүмыстарын күшейтуді тапсырды.
— Қыс енді басталды. Біз облыс аумағындағы автожолдарда көліктердің, жолаушылардың қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етуіміз керек, — деді облыс әкімі.
Ол қыс айларында қар құрсауында қалатын жол бөліктеріне сақ болуды, бақылауды тапсырды. Қыста жолдардың қардан аршылуына, арнайы техникалардың жұмыс істеп тұруына жауапты мердігерлерге бақылау күшейтіледі.