Қазақ жерінің кемел жаратылған бір пұшпағы – Жетісу. Шыбық қадаса, шынар шығатын, шыққан тал орманға, тас қорғанға айналатын топырағы құнарлы мекен.
Жетісу – орман-тоғай, заңғар тау, жазық дала, өзен мен көлден кенде емес. Табиғатының тылсымына қаныққыңыз келсе, Алтынемелдегі Айқайқұмға барыңыз. Тарихи дүние іздесеңіз, Тамғалы мен Бесшатыр, Есік қорғандарын аралаңыз.
Алакөл мен Көлсайды да бір көріп қайтыңыз. Таутүргеннің сарқырамасына самалдап, Шарынның шатқалын бойлап, сейілдеңіз. Осының бәрін бір шарлап шықсаңыз, желмаяға мініп, жиһан кезген Асан Қайғыға ұқсап, сіз де, «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен» деп Жетісудан желпініп, сүйсініп қайтасыз.
Өзіндік тарихы бар, архитектуралық ескерткіштерге толы Жетісу өлкесі басын тауға, аяғын көлге, арқасын құмға төсеп, 4 мыңжылдықтан астам уақыт бойы тарих көшіне ілесіп келеді.
Сан тарау сауда жолдары, жайылымдық алқабы, жеміс-жидегі мол ағашы күні бүгінге дейін көз қуанышымыз.