Отандық «Жаңғақ тал» фильмі Польшадағы байқауға қатыспақ. Ш. Айманов атындағы «Казақфильм» кинокомпаниясы түсірген көркем фильм 9-18 қазан аралығында Польша астанасында өтетін ХХХІ Халықаралық Варшава кинофестивалінің Free Spirit Competition («Свободный дух») байқауына қатысады деп хабарлайды baq.kz порталы.
Туындының режиссері — отандық «Аңшы бала» фильмі арқылы танымал Ерлан Нұрмахамбетов.
Кинокартина Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында түсірілген. Сатиралық жанрдағы фильмді түсіруге бір айдай уақыт кеткен. Онда қарапайым отбасының арасындағы қарым-қатынастар суреттеледі. Фильмдегі басты рөлдерді жергілікті театрлардың актерлары мен «Шаншар» театрының артистері сомдаған.
«Свободный дух» байқауында әлемнің 12 елінен талантты режиссерлердің 14 картинасы ұсынылып отыр. Фильмдерді бағалайтын әділ қазылар алқасының құрамына венгр режиссері Бенс Миклаузич, неміс мәдени теоретигі Андреас Строл мен поляк режиссері, сценарист Бодо Кокс бар.
ХХХІ Халықаралық Варшава кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына әлемнің 57 елінен барлығы 90 көркем фильм, 18 деректі фильм, 3 анимациялық және 66 қысқа метражды фильм көрсетіледі деп күтілуде.
Айта кетейік, фестиваль 1985 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және ол Польша мен Шығыс Еуропа өңіріндегі ең ауқымды шара болып табылады.