Қола тайқазан Индер ауданы аумағындағы Борсықты қорымынан табылды.
Атырау тарихи өлкетану мұражайы жаңа мұрағаттармен толықты. Мамандар бұл қазанның тарихын осыдан 2500 жыл бұрын Хазар теңізін мекендеген сарматтар дәуірімен байланыстырып отыр. Бұл жәдігерлер – біздің дәуірімізге дейінгі 3-5 мың жылдықтардың мұрасы. Сыйымдылығы шамамен 100 литрлік мына тайқазанның бір ерекшелігі – майысып, қабыстырған. Мамандар қазанның бүйірінен 27 тесік тапты. «Демек, отбасының басты құндылығы саналатын дүние әдейі істен шығарылған», – дейді ғалымдар.
Тайқазан табылған Борсықты қорымынан мұнан өзге 20-ға жуық көне жәдігер табылды. Оның ішінде сарматтар дәуіріне жататын иісмай құятын құты, темірден соғылған кездік пен қылыш, қайрақ тас секілді бұйымдар бар. Мамандардың назарын аударған тағы бір нәрсе мына сүйектен жасалған қасық болды.
Атырау облысында археологиялық қазба жұмыстары онан әрі жалғасуда. Бұған дейін еліміз бойынша үшінші алтын адам табылған «Аралтөбе», алтын әшекейлі әйел мүрдесі шыққан «Қорғанша» мен бес қаруы беліне байланған ханша табылған «Ақтөбе» қалаларының орны талай сырды ішіне бүгіп жатқаны анық. Сондықтан бір кездегі сарматтар мен сақтардың отаны болған өңір ғалымдардың қызығушылығын арттырып отыр.