Кеше Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Атшабар» ипподромында «Ұлы дала ойындары» атты аламан бәйге, топ бәйге және ұшқыр бәйге жарыстары өтті.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтулы шарада Жамбыл облысының әкімдігі ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымтастығымен бірлесіп, аламан бәйге, топ бәйге және ұшқыр бәйге жарыстарын ұйымдастырды.
21 шақырымдық топ бәйгеде Әлинұр Болатұлы Назарбаевтың «Қозыкүрең» есімді сәйгүлігі бірінші келді. Ат иесі ұйымдастырушылар тіккен жүлделі 5 миллион теңгені жеңіп алды. Алдыға тек «Қозыкүреңді» жіберген шығыстың сәйгүлігі «Бонг» екінші орында келді. Ат иесі Мәлік Мусин. Екінші орынға үш миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді. Ал үздік үштікті жергілікті «Көгершін» есімді сәйгүлік қорытындылады. Ат иесі Бекежан Ғалымжанұлы. Әлинұр Назарбаевтың жарысқа қосқан тағы бір сайгүлігі «Торы ат» алғашқы бестікке ілінді. «Ұлы дала ойындарының» көркін қыздырған аламан бәйгеде Болат Назарбаевтың сәйгүлігіне жетер ат болмады. Нәтижесінде аты бас жүлдеге тігілген 10 миллион теңгені қанжығасына басты.
Аламан бәйгенің ұзақтығы 31 шақырымды құрады. Соңғы үшінші сайыс яғни ұшқыр бәйгеде Мақат Бақытбектің «Бәйтерек» есімді сәйгүлігі оза шапты. Ат иесі жүлдеге тігілген 3 миллион теңгені қалтасына басты. Ұшқыр бәйгенің ұзақтығы 2.4 шақырым болды. Айта кетейік, «Ұлы дала ойындарына» 150-ден астам сәйгүлік қатысты.