Халықаралық ақындар айтысы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тараз қаласындағы Баласағұн орталық концерт залында өтті. Оған елімізден және Қытай, Моңғолия елдерінен келген 26 айтыскер қатысты.
Халықаралық ақындар айтысы екі күнге созылды. Жыр додасының бас бәйгесін екі ақын өзара бөлісті. Алматы облысының тумасы Болатбек Оразбаев пен кереулік Аспанбек Шұғатаев әрқайсысы 2,5 млн теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.
Екінші орынды Астана қаласының ақыны Иранғайып Күзенбаев иеленді. Оның жүлдесі 2 миллион теңге. Үздік үштікке Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан лайық деп танылды. Бұл екі ақын 650 мың теңгеге ие болды.
Қазылар алқасының құрамында КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, филология ғылымдарының докторы, профессор, публицист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашев, ЮНЕСКО профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Қазақстанның халық ақындары Қонысбай Әбілев, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков болды. Төраға қызметін Асанәлі Әшімов атқарды.