Аймақтық іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша «Қазақстанда жүзеге асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» байқауының ақтық сынына 26 жоба қатысатын болды.
Биылғы жылы «Қазақстанда жүзеге асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» байқауына қатысуға барлық ел өңірлерінен 124 өтініш келіп түсті.
Үміткерлердің басым бөлігі Қостанай облысы мен Астана қаласында (14 өтініштен) тіркелді, Алматыдан 11, Ақтөбе мен Қызылорда облыстарынан 10 өтініштен қабылданды.
Байқауға ҮЕҰ, қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер ұйымдары, жеке тұлғалар, қызметі әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға негізделген өзге де ведомстволар мен мекемелер қатысты.
Қазақстандықтар сайыстың ақтық мәресіне шыққан жобалармен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің (әрі қарай – ҚР ДСӘДМ) ресми веб-сайтында таныса алады. Жеңімпаздарды құрамына ҚР Праламентінің депутаттары, ҚР ДСӘДМ өкілдері, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, БАҚ өкілдері мен өткен жылғы байқау лауреаттары кіретін республикалық комиссия анықтайды.
Үздік әлеуметтік жобалардың тұсаукесері мен байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанда жүзеге асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» республикалық байқауы алғаш рет Астана қаласында 2013 жылы өткен болатын. Оның аясында жастарды, балалар мен жасөспірімдерді; отбасыларын (отбасының сәтсіздікке ұшырауын алдын алу шаралары); дағдарыс жағдайындағы әйелдер мен ерлерді; қарт адамдарды; девиантты немесе делинквентті мінез-құлық танытуға бейім адамдарды; мигранттарды; мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша бірқатар жобалар ұсынылады.
Әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы басты мақсат – жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға шынайы көмек көрсету.