Бүгін сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Зергерлік өнер» атты көрменің ашылуы өтеді.
«Зергерлік өнер» көрмесіне «Әдемі-ай» өнер музейінің топтамаларынан сирек кездесетін зергерлік бұйымдар қойылады. «Әдемі-ай» өнер музейінің негізін 2011 жылы танымал коллекция жинаушы, өнертанушы Бахаргүл Төлеген қалады. Бүгінгі таңда музей экспозициясының қоры мыңнан астам экспонаттардан тұрады. Олардың арасынан ж.с.д. І-ІІІ ғасырларға жататын Құшан патшалығына тән археологиялық жәдігерлерді және VI-ХII ғасырлардың тарихи бағалы туындыларын көруге болады. Көрмеге 13 жылдан бері тарихи-мәдени құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді жандандырумен айналысып келе жатқан «Әдемі-ай» компаниясының Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы дайындаған сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен ұлттық кәдесыйлары да қойылады.
Барлық әшекейлер қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты және тамыры мыңдаған жылдарға бойлайтын ұлттық мәдениеттің дамуын көрсетеді.