Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасында қазақстандық танымал режиссер Ермек Тұрсынов студент жастармен кездесіп, кино өнерінің қыр-сырымен және болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, Ермек Тұрсынов «Шал», «Кенже», «Келін», «Жат» сынды танымал фильмдердің авторы.
«Бүгінде қолы жеткеннің бәрі көкіп қалуды, қаламы бардың бәрі түртіп қалуды көздейді. Қазір киноны кез келген адам түсіретін заман болып отыр. Мағынасыз, сапасыз киноның бәрін кино деп ауыз толтырып айтып жүр. Мен кеше өлең айтып жүрдім, бүгін кино түсірдім. Ол кино емес, қай тұрғыдан қарасаң да, ол бір жарым сағаттық ролик. Ал, сапалы дүние шығару үшін оған бірінші шеберлік, екінші жүрек керек. Мен өзімнің фильмдерімнен тек шынайылықтың болуын қалаймын және өмірден алынған оқиғаларды көрсеткім келеді. Шынайы, жүрекпен шықпаған дүниенің ғұмыры қысқа болатыны да белгілі. Жұмысымды көбісі түсінбей, көрермендер сын көзбен қарап, сынап әрі қолдап, жақтағандары да бар. Әрине, барлығына жауабым бір — менің туындыларым шынайы өмірден алынған және жан дүниемнен шыққан дүниелер. Ал, жыл сайын фильмдерімді Оскарға ұсынуымның себебі абырой жинап немесе атақ қуу емес. Тек Қазақстанның атын шығарып, қазақ киносының дәрежесін бүкіл әлемге таныту», дейді режиссер.
Оның айтуынша, түсірілген туындылардың қай-қайсысы болмасын қарапайымдылыққа негізделген.
«Өзім негізі ауылдан шыққан баламын. Шамалғанның арғы жағында Үшқоңыр деген жерде Бірінші май деген ауылда туып өстім. Әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Сол себепті ауылдың әсем табиғаты мен қарапайым адамдары жаныма жақын. Туындыларымның көбісі осы тақырыпта өрбуі де сол себепті. Досым Тимур Бекмамбетов сынды экшн фильмдер түсіру қолымнан келмейтіні де сол шығар деп ойлаймын. Өйткені, ол менің тақырыбым емес. Мен бала кезімде көрген, естіген, шындыққа жанасқан дүниелерді түсіргім келеді. Ал, шынайылық біздің қазақ кино өнерінде қазір жоқтың қасы. Сондай-ақ, шынайылық қашанда ешкімге ұнамасы анық. Көп сынның астында қалатыным да сол себептен», деді Е.Тұрсынов.
Айта кетейік, қазақстандық танымал режиссер әрі сценарист Ермек Тұрсыновтың 2015 жылы Торонтода өткен халықаралық кинофестивальде «Жат» фильмінің тұсауы кесілді. Және осынау фильм Қазақстан тарапынан «Оскар» сыйлығына ұсынылып отыр.