Астанада пәтерге құжат қабылдау 2015 жылғы 19-23 қазан аралығында жүргізіледі.
«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы 2015 жылғы қазанда Астана қаласында сатып алу мен жалға беру үшін мынадай объектілерден 256 пәтер қарастырып жатыр: Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қосшы кенті, Ә. Жангелдин көшесі мекен-жайында орналасқан «Академия» тұрғын үй кешенінен 95 пәтер; Астана қаласы, «Алматы» ауданы, Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алабы (сол жағы), Қобыланды батыр көшесі мекен-жайында орналасқан № 7 д, 7 г үйлерден 161 пәтер деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тұрғын үй сатып алумен жалдауға 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі (кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жалға беру мерзімі 30 жылға дейін ұзартылуы мүмкін). Ең аз жалға беру мерзімі 5 жылды құрайды (бес жыл өткен соң жалға алушының мерзімінен бұрын сатып алуға құқығы бар).
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 728 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының шарттарына сәйкес құжаттарды қабылдау тек қана e.astana.kz веб-порталы арқылы өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасын (бұдан әрі – ЭЦҚ) пайдаланумен іске асырылатын болады.
Құжаттарды қабылдау 2015 жылғы 19-23 қазан (қоса алғанда) аралығында жүргізіледі. Осы құжаттар қабылдау аясында өтініш жоғарыда көрсетілген нысанның біреуі бойынша ғана қабылданады.
Порталдың жұмыс уақыты – тәулік бойы.
Бағдарламаға сәйкес бұл бағытта Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждылар кезегінде тұрған (кезектегілер) келесі санаттар бойынша азаматтар ғана қатыса алады:
– көп балалы отбасылар;
– толық емес отбасылар;
– мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар;
– жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
– оралмандар;
– мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері, бюджеттік ұйым қызметкерлері.