Кеденнен өту уақыты 15 минутқа дейін қысқартылуы мүмкін.
Қытаймен шектесетін шекарадағы кедендік бақылау пункті жаңғыртылады. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен Қазақстанның кедендік шекарасындағы 11 автокөлік бақылау-өткізу пунктін жаңарту және жабдықтау келесі жылы басталады.
Қазақстанның кедендік өткізу пунктінің үлгісі Мәскеуде өткен «Кедендік қызмет-2015» халықаралық көрмесінде таныстырылды. Биылғы көрме «Еуразиялық экономикалық одақ: кеден және экономика» деген тақырыпта өтті. «Қазақстан ұсынған автоматтандырылған кешенді қолданылса, кедендік бақылау жұмыстары 4 есе жылдам жүргізіледі», – дейді мамандар. Есеп бойынша, бұл өз кезегінде кедендік төлемдердің түсімін 30 пайыздан 50 пайызға дейін көбейтеді. Жоба «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат бағдарламасы мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» аясында жүзеге асырылады.
Мақсат Көшімбаев, ҚР Мемлекеттік кіріс комитеті бастығының орынбасары — Басты мақсат – бақылау-өткізу пукттерінің жұмысын жетілдіру. Қазір кеденнен өту уақыты 1 сағат болса, оны алдағы уақытта 15 минутқа жеткізуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ тауар тасымалын арттыру, бюджетке түсетін төлемдерді молайту – комитеттің негізгі міндеті.
Сергей Коноваленко, РФ ФКҚ кедендік ынтымақтастық басқармасының бастығы — Бұл көрме Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кедендік қызметін дамытуға септігін тигізеді. Біз тәжірибе алмасамыз. Бірлескен жобаларды ұйымдастырамыз. Материалдық техникалық базалармен техникаларды жетілдіру арқылы біраз мәселелер шешіледі. Жаңа инспекциялық кешендер қазақстандық және басқа да әріптестеріміздің алда қойған мақсат-мүдделеріне оң әсерін береді.