Мұқан Төлебаевтің «Бiржан-Сара» операсына жақында 70 жыл толады. Ондаған жылдар өтсе де, ол бүгін де үлгілі шығарма, қазақ операсы өнерінің маржаны, жауһары болып табылады. 2015 жылдың 30 қазанында «Астана Опера» театры аталған спектакльді қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиновтің музыкалық редакциясында ұсынады.
Басты рөлдерде ойнайтындар мен орындаушылар: Бiржан – Бейімбет Таңарықов, Сара – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Жарқымбаева. Жанбота – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықпаев. Алтынай – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ. Аналық – Гүлжанат Сапақова, Қожағұл – Ескендір Әбжанов, Жиенқұл – Талғат Ғалеев, Естай – Нарұл Тойкенов, Серік – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин. Қоюшы режиссері – Ресейдің Халық әртісі Юрий Александров.
Операның басты кейіпкерлері – өмірде шынайы өмір сүріп, шешендік айтыстарымен атақтары шыққан қазақтың композиторы, ақын Біржан сал Қожағұлұлы пен ақын Сара Тастанбекқызы. Әнші Бiржанның даусы керемет зор еді, сонысымен қатар асқан шебер домбырашы болған. Ол жалпы халықтың сүйіктісіне айналған бірегей музыкалық-поэзиялық шығармалар жазып, барша талантты жастарды өзінің айналасына жинады.
Лирикалық-драмалық шығарманың (Қ. Жұмалиевтің либреттосы) негізінде, халық әншісі Біржан мен дарынды ақын Сараның арасында туындаған сүйіспеншілік пен рухтың күші жайлы оқиға жатыр. «Халық шығармашылығы – кез келген адам баласы үшін сарқылмас шабыт көзі. Одан біз күш-қуат аламыз, онсыз замандастарымыздың ойы мен арманын жеткізу мүмкін емес», — деген екен Мұқан Төлебаев.
Операда өткен өмір баяндалады, әлеуметтік теңсіздік пен байлар зомбылығы көрсетіледі. Сюжетте өнер адамының тәуелсіздігі, махаббат пен бақытқа қол жеткізу құқығы үшін күрес сарыны бірінші кезекте тұр. Операның соңы қайғылы аяқталады – Бiржан мерт болады. Алайда оның халқына деген ыстық сүйіспеншілігіне және жарқын болашақ жайлы армандарына толы шабыттандыратын әндері мәңгі жасайды. М. Төлебаевтің опералық жауһары өнердің асқақ жаратылыс екені туралы идеяны, суретшінің өшпес ғұмырын, оның жауыздықпен һәм әділетсіздікпен мәңгі күресін дәлелдейді.