Алматы облысындағы мұражай саны тағы бір мәдени-рухани нысанмен толықты. Өткен жылы Қарасай ауданында жеке инвестиция есебінен салынған «Анаға құрмет» мұражайы облыстық мәдениет басқармасының иелігіне тапсырылды.
«Анаға құрмет» атты теңдессіз мұражайды Жатқанбайұлдары әулеті салған еді. Анасын ардақтаған ұлдар мұражайды жалпы қазақ аналарына арнап ашқан. Мұражай ішінде 200 ден астам тарихи жәдігер бар. Әсіресе, қазақ әйелдерінің киім-кешектері, түрлі әшекей бұйымдары мен тұрмыстық заттары көз тартады. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, құқық қорғау органдарының ардагерлері мен ауыл ақсақалдары келді. Мәдениетімізді дамытып, ұрпақ санасына туған елді құрметтеп, анасын ардақтауда осындай мұражайдың орны ерекше екені айтылды.
Серғазы Имамбет, Қарасай ауданының құрметті азаматы:
— Әйел затына, барша қазақ аналарына арналып салынған рухани орталықта 18-19 ғасырларға жататын құран кітаптары қойылған. Бұдан өзге мұражайда қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова мен қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш ару Хиуаз Доспановаларға арналған жеке бұрыш бар. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан апаға арналған көрме бұрышы мұражай төрінде тұр.
Бақыт Әбдінәшірқызы, мұражай қызметкері:
— Мұражайда көптеген тарихи жәдігерлермен танысуға болады. Атап айтқанда әйелдердің әшекей бұйымдары; өңіржиек, салпыншақ, шашқа тағатын күміс шолпылар мен білезік, сырға, сақиналар бар. Тіпті кейбір бұйымдар Орта Азия елдері мен Кавказ және Сібірден әкелінген. Анаға құрмет мұражайының алтын кілті облыстық мәдениет басқармасына салтанатты жағдайда табысталды. Шара соңында елімізге белгілі әншілер ана жайлы әуезді әндерін шырқап, концерт қойды.