Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыстың экологиялық проблемалары және оларды шешу жолдары туралы жиын өтті.
Жиында Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қ.Байеділов баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағына жылына Алматы қаласынан 450 мың тоннадан аса қатты қалдықтар, ал облыстың елді мекендерінен 350 мың тоннаға жауық, барлығы 800 мың тоннадан аса қалдықтар шығарылады. Бұл жердегі басты мәселе – тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыттың жоқтығы. Сонымен қатар департамент тарапынан жүргізілген тексерулер барысында Жаркент, Есік, Үшарал қалаларындағы, Бақанас, Ұзынағаш, Шелек ауылдарындағы және басқа да елді мекендердегі полигондардың қоршауы, орналасқан жері тағы басқа жағдайы талапқа сай еместігі анықталған.
Облыс әкімі Амандық Баталов:
— Барлық аудан, қала әкімдері, әсіресе Алматыға жақын орналасқан Іле, Талғар, Қарасай аудандары тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу мәселесіне ерекше назар аударып, қалдықтарды өңдеу зауыттарын ашуға жұмыс істеуі керек. Әлемде қоқыстан құрылыс материалдарын, тыңайтқыштар, электр энергиясын өндіріп, пайдасын көріп отыр. Қалдықтарды кәдеге жаратудың осыншалықты мол тәжірибесі бар бола тұра әзірге осы мәселе бойынша мен сіздерден нәтиже көріп отырған жоқпын, — деді аудан, қала әкімдеріне қаратып. Оларға қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуге қатысты нақты ұсыныс айтып, іске кірісуді қатаң тапсырды.
Сонымен қатар жиында аймақ басшысы А. Баталов мал өлекселерін көметін орындар, кен орындарын пайдаланудың қоршаған ортаға зияны, Сорбұлақ көлінің сарқынды суларының мәселесіне де ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.