Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс 49-шы сессия отырысы өтті. Онда 2015-2017-ші жылдарға арналған бюджетке өзгерістер мен түзетулер енгізу мәселесі қаралды. Осы ретте, депутаттар алдында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нәфиса Сатыбалдина бұрын бекітілген қаржыны қайта бөлу туралы баяндама жасады. Бұл бұған дейін мәслихаттың тұрақты комиссиясының басқосуында қарастырылған. Күн тәртібіндегі мәселені халық қалаулылары бірауыздан мақұлдады. Сонымен қатар, мәслихат шешімімен Достық, Қарабұлақ және Өтеген батыр, Покровка кенттері ауыл болып қайта құрылатын болды. Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерді көтерді. Әлеуметтік нысан құрылыстарын аяқтауға, газ құбырын тарту жұмыстарын жылдамдатуға, жылу және ирригациялық жүйлерді жасауға бөлінетін ақшаны мақсатты жұмсауды тапсырды. Мұнымен қоса, аудан-қала әкімдеріне бюджет қаржысына қарап отырмай, өз өңірлеріне көптеп инвестиция тартуды міндеттеді. Мемлекеттік, жекеменшік әріптестікті дамыту керек, — деді.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
— Осы жылдың көрсеткіштері жаман емес. Тоғыз айдың қорытындысы өте жақсы. Бюджеттің қаржысын қайта бөлуді қарастырып, сіздермен ақылдасып, бекіттік. Бюджетіміз дұрыс боп, жұмысымыз оңды болсын. Сіздерге рахмет!