Талдықорғанда медицина ғылымдарының кандидаты, отандық денсаулық саласының дамуына өзіндік үлес қосқан, бірнеше жыл Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарған Маралбек Мейірбековты еске алуға арналған ғылыми тәжірибелік конференция басталды. Жиынға қазақстандық дәрігерлермен бірге шет елдік мамандар да қатысып жатыр. Танымал ғалымдар, профессорлар шеберлік сыныптарын өткізеді.
Маралбек Мейірбеков өз ісінің білгір маманы болатын. Отандық медицинаның дамуына бір кісідей үлес қосты. Жаңалыққа, тың дүниелерге жаны құмар еді. Бүгінде оны әріптестері осылай деп еске алады. Ол көптеген ғылыми еңбектердің авторы атанды. Докторлығын қорғайын деп жүргенде тосыннан келген ажал өмірін қиып кетті. Мәслихатқа қатысушылар Маралбек Білісбекұлы мен оның атқарған істері жайында көрген білгендерін ортаға салды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та конфернция жұмысының табысты өтуіне тілектестік білдірді. Бүгінде өңірде денсаулық саласы басты назарда. Бюджеті жылдан жылға артып келеді. Биыл салаға 69 млр теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
— Әрине, көп жұмыс істелді. Бірақ, алда медицинаны ілгерілетуге арналған ауқымды жобаларды жүзеге асыру керек. Әсіресе, инновацияға басымдық берілуі тиіс.С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақановтың айтуынша, қазіргі медицина өте жылдам дамып келе жатыр. Бағыты да бұрынғыдан бөлек. Қазіргі уақытта ауруды емдеуде нақты ғылымдарға сүйенеді.
«Ұлт саулығы — мемлекеттің басты байлығы» атты конференцияның алғашқы күні ресми бөлімге арналды. Алдағы екі күн тәжірибелік жұмыстарға бағытталады. Жетісулық дәрігерлер кәсіби білікттерін арттырып, медицинаның жетекші мамандарынан кеңес алады. Шеберлік сыныптарын өткізуге медициналық жоғары оқу орындарынан арнайы 20 ғалым келген.