Панфилов ауданы Алтыүй ауылында Қазақ күресінен ересектер арасында «Алматы облысы кубогы» үшін өңірлік жарыс өтті. Бұл спорттық шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Оған Жетісу өңірінің 100-ге жуық спортшысы келіп қатысып жатыр. Балуандар 8 түрлі салмақ дәрежесінде белдесті.
Қазақ күресінен облыс кубогы үшін Жетісу өңірінің ең үздік балуандары Алты үй ауылында бас қосты. Алдымен аудандық Дәнеш Рақышев атындағы театр ұжымы қазақ хандығы тұсындағы заманды бейнелеп, шағын көрініс қойды. Дәстүр бойынша, қариялар балуандарға бата берді.
Жарыстың ұйытқысы Алматы облыстық «Бөрі» қазақ күресі федерациясы. Басты мақсат — ұлттық өнерімізді ұлықтап, спортшылардың деңгейін көтеру. Әрі, желтоқсанда Оралда өтетін Қазақстан чемпионатына облыс құрамасын іріктеп алу. Бапкерлер балуандардың аяқ алысын байқап, бабын саралап жүр.
Айдын Смағұлов, қазақ күресінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
— Мына өтіп жатқан жарыстың деңгейі өте жақсы. бірінші рет өтіп жатса да. Бұл жерде Азияның екі дүркін чемпионы Жұмажан Нұржан бар. Алматы облысының бірінші әлем чемпионы Қарқатеров Тоқтар күресіп жатыр. Кешегі күнгі болған 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының чемпионы Мауленин Әбілқайыр күресіп жатыр.
Жарыс тұңғыш рет командалық есепте өтіп отыр. Оған қатысушы аудан-қалалар тек үздіктерін әкелген. Мұнда бір спортшының жеңгені жеткіліксіз. Сондықтан белгілі бір ұжым топ жару үшін командадағы 8 балуанның кем дегенде 5-еуі ұтысқа ие болуы шарт. Бұл жарыс ел біріншілігіне жолдама берер сын болғандықтан саңлақтар арасынан сапалы өнерімен сан мәрте байрақты бәсекелерде топ жарғандарды жиі кездестіруге болады.