Алматы облысында тұрғын үй салымшыларының салымдарын компенсациялау, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының шеңберіндегі шаралар, «Қолжетімді баспана» бағдарламасының мүмкіндіктері сынды бірқатар сұрақтар күн тәртібіне қойылды.
Бұл мәселелер ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Алматы облысындағы бөлімшесі «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі және мемлекеттік бағдарлама аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті атқарушы органдармен қарым-қатынастары» тақырыбында брифингте талқыланды. Брифингке Қазақстанның «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев, директордың орынбасары Райхан Байбөрінова, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Марат Нүсіпбаев және Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Әділ Алмас қатысты.
Осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиевтің төрағалығымен облыстық мәслихат хатшысы, облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округтер әкімдері, 5000-нан жоғары халық саны бар ауылдық округ әкімдіктері есепшілерінің қатысуымен семинар кеңес өткізілді.
Кеңес барысында Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, облыстық қаржы басқармасы және облыстық кірістер департаментінің басшылары өз баяндамаларында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербес бюджетін қалыптастыру жолдарын түсіндіріп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Ұлт жоспарының «100 нақты қадамын» жүзеге асыру мақсатында бұған дейін облыста арнайы комиссия және бес жұмыс тобы құрылған болатын. 100 нақты қадамның бірі 2018 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді көздейді (98-қадам). Қазіргі уақытта осы бағытта дайындық жұмыстары жүргізілуде.