Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қарашаның 4-5 күндері, сағат 18.30-да «Қараш-қараш» атты әлеуметтік драманың премьерасы өтеді.
Қазақ халқының әр перзентін елін-жерін сүюге тәрбиелейтін драма Елорда сахнасында тұңғыш рет сахналанбақ.
Авторы – жазушы, драматург Қалиқан Ысқақ, қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Пьесаны қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесті бойынша Қалиқан Ысқақ сахналық нұсқасын жасаған. Бұл режиссер Әлімбек Оразбековтің Әуезов әлеміне төртінші рет қадам басуы. Бұған дейін «Абай», «Айман-Шолпан», «Қорғансыздың күні» пьесаларын дүниеге әкеліп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің сүйікті қойылымдарына айналған болатын. Елін-жұртын ойлап, күн кешкен екі азаматтың достығы, туған жерге деген үлкен махаббаты, ар алдындағы адалдығы көрініс табады. Жарасбай ойдың адамы, Бақтығұл істің адамы. Осы екі ұғым бірін-бірі түсінуде сәл жаңсақтық жіберсе, «сатқындық» дейтін жау тұтқиылдан шабуыл жасайды. Бүгінге дейін күрделі тақырып «жер» мәселесі қойылымның күретамыры. Ата-бабадан қалған аруақты даланы сақтап қалу — әр қазақтың адами парызы.