Байқау Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген «100 нақты қадам» бағдарламасының 88 тармағы мен индустрияландыру және экономикалық өсу бойынша институционалдық реформаны жүзеге асыру аясында жыл сайын өткізіледі. Байқауды ҚР білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырып отыр.
«Өз кәсібінің үздіктері» байқауы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған. 2015 жылы Қазақстанның барлық аймақтарынан 150-ден астам өтініш қабылданды. Нәтижесінде, байқау комиссиясы «Үздік темір ұстасы», «Үздік кран жүргізушісі», «Үздік электрші», «Үздік сантехник», «Үздік дәнекерлеуші», «Үздік технолог», «Үздік металл жонушы», «Үздік тігінші», «Үздік қоғамдық көлік жүргізушісі», «Үздік әрлеуші» (сырлау бойынша техник) сынды 10 номинация бойынша 20 жеңімпазды анықтады.